«Алтай» волейболшылары Түркияда жүр
![](/kz/uploads/posts/iblock/6b1/6b1e7bee471259b314027e231c020ce2.jpg)
Биыл қазақстандық волейбол клубтары бірде-бір халықаралық жарысқа қатыса алмайды. Десек те, ала доп шеберлері қол қусырып отырған жоқ.
Мәселен, өскемендік «Алтай» клубының волейболшы қыздары дәл қазір Түркияда жүр. Онда сербиялық маман Марко Гршич баптайтын алтайлық арулар екі аптаға созылатын оқу-жаттығу жиындарын өткізуде.
Клуб басшылығының хабарлауынша, Түркияға аттанбас бұрын команда өкілдері түгелдей ПТР-тест тапсырып, сақтық талаптарын орындапты. Бір сөзбен айтқанда, дайындық ойдағыдай. Мақсат айқын – ел біріншілігінде топ жару. Алайда сол ел чемпионатының қашан басталатыны әзірге белгісіз.
Қазақстан волейбол федерациясының бас хатшысы Ермек Сырлыбаевтың айтуынша, бәрі де елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты болады.
– Федерация тарапы елішілік жарыстарды өткізудің бірнеше жолын қарастырып қойды. Қазір күн тәртібінен өзге бір мәселе түспей тұр. Қаржыландыру мөлшерінің қысқартылуы, сондай-ақ спортшылардың ұзақ уақыт бойы ешқандай жарысқа қатыспауы чемпионаттың көркіне кері әсерін тигізуі әбден мүмкін, – деген Е.Сырлыбаев алдағы уақытта карантин шаралары күшейтілмейтін болса, ел біріншілігі күз ортасында басталатынын мәлім етті. Ол сонымен қатар ойындар жанкүйерлерсіз өтетінін де хабарлады. Есесіне, барлық кездесу федерацияның Youtube-арнасында көрсетілмек екен.
Тағы бір айта кетер жайт, жуықта «Алтай» сапына бірнеше жаңа ойыншы келіп қосылыпты. Олар: Талдықорғанның «Жетісуынан» ауысқан сербиялық Сара Лозо мен «Алтай-2» командасының бұрынғы волейболшылары Динара Сыздықова, Мөлдір Кәрімова және Гүлназ Сейтімбетова.