ШҚО-да вирустың таралу деңгейі төмендеді – Үкімет басшысы
Үкімет басшысы Асқар Мамин коронавирустың таралу деңгейі төмендеген аймақтарды атады.
Премьер-министрдің айтуынша, бір аптаның ішінде бірқатар облыста инфекцияның репродуктивті көрсеткіші, яғни, вирустың бір адамнан таралу деңгейі 1-ден төмен түсті. Олар: Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан мен Павлодар облыстары, Нұр-Сұлтан, Шымкент пен Алматы қалалары.
"Ал инфекцияның репродуктивтік деңгейі 1-ден жоғары өңірлер: Қостанай мен Ақмола облыстары. Бұл өңірлерде жағдай күрделі және аймақ әкімдерді эпидемияға қарсы шараларды күшейтуге аса назар аударуы қажет", - деді Мамин үкіметтің онлайн отырысында.
Үкімет басшысы әлем бойынша 126 мемлекетте коронавирус жұқтырғандардың жаңа өсімі тіркеліп отырғанын да атап өтті.
"Пандемияның жаңа толқыны күзде пайда болуы мүмкін және оған дайын болуымыз керек. Оның алдын алу үшін барлық белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етіп, жоспарланған іс-шаралар кешенін іске асыру қажет", - деп атап көрсетті Мамин.