ШҚО-ның дәріханаларына парацетамол таратыла бастады
Шығыс Қазақстан облысының дәріханаларына парацетамол таратыла бастады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Өңірде дәрі-дәрмек сатумен айналысатын 800-ден астам нысан бар. Алайда ауру өршіген ауыр кезеңде өңір жұртшылығы дәріхана сөрелеріндегі ыстықты түсіретін дәрілерді түгесіп үлгерді деуге болады. Дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігіне байланысты шағымдарда тұс-тұстан айтыла бастағаны белгілі. Енді міне, арада бір айға жуық уақыт өткенде «Inkar» ЖШС фармацевтикалық компаниясының филиалына 30 мыңға жуық парацетамол қаптамасы келіп түсті. Дәрілер енді қала-аудандардағы дәріханаларға таратылады.
Айта кетейік, облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары дәріханалар, дәріхана қоймаларына рейд жүргізуде. Мониторингтік топ облыс орталығындағы 89 дәріхананы тексеріп, тәртіп бұзушыларға айыппұл салды.
– Департаментке дәрі-дәрмектердің қымбаттағаны туралы түрлі хабарламалар келіп түсуде. ҚР ӘҚБтК-нің 426 және 424-баптары бойынша 6 материал қаралып, тиісінше әкімшілік айыппұл салынды – деп мәлімдеді департамент.