ҰБТ: Катонқарағайдағы ең жоғарғы көрсеткіш - 116 балл
Катонқарағай ауданында 22-23 маусым күндері ұлттық біріңғай тестілеу өткізілді. ҰБТ-ға ауданда мектеп бітірген барлық 217 түлектің ішінен 181 оқушы қатысты. Тестілеу Үлкен Нарын орта мектебінде өтті.
Таңғы сағат 7.30-да мектеп алдына талапкерлер келді. Шалғай ауылдардағы түлектерді ата-аналар өздері көліктерімен әкелді.
Коронавирустық инфекцияның салдарынан биылғы ҰБТ ерекше дәрігерлік-санитарлық жағдайда өткізілді.
Мектеп аумағы құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бақылауға алынды. Мектеп аумағына тек тестілеуге қатысатындар ғана, яғни, түлектердің өздері ғана кіргізілді.
Мектепалды алаңда шағын түлектерге арнаған шағын дәліз жасалды. Онда түлектер бір-бірінен 2 метр ара қашықтықты сақтай отыра бетперде киген қалыпта кезек–кезек ғимарат ішіне кіргізілді. Арнайы дәлізді өткенде, түлектердің сырт киімі зарарсыздандырылды, Катонқарағай ауданаралық ауруханасының медицина қызметкерлері, дәрігер-терапевтер – Меруерт Әбенова мен Гаухар Бисатова, медбикелер Жанат Мұрзақанова мен Сәуле Досанова термобақылау жүргізді.
Дәрігерлік-санитарлық шаралардың барлығынан өткен соң тестілеуге қатысушыға жаңа бетперде берілді. Терапевтердің айтуынша, барлық тексерушілердің температуралары қалыпты норманы көрсеткен.
ҰБТ-ны өткізу шартына сәйкес аудиториялардағы тест тапсыру орындары түлектердің бір-бірінен кемінде екі метрлік ара қашықтықты сақтау есебімен орналастырылды.
Санитарлық шараларды бақылаушы аудандық ТКҚСҚБ басқармасының бас маманы Гүлмира Жиреншинова ҰБТ-ның індетке қарсы қарсы шараларды сақтай отыра өткізілуде екендігін атап өтті.
ҰБТ-ны өткізу пункттерінде Білім беру министрлігінің өкілдерінің, мемлекеттік комиссия мен арнайы мониторинг жасаушы топтың қатысуымен тестілеу сұрақтары салынған конверттер ашылды.
ҰБТ форматы биыл өзгерген жоқ, тестілеу қағаз түрінде 5 пәннен: 3-уі міндетті және екеуі мамандық бойынша өтті. Тестік тапсырма - 120, ең жоғарғы балл – 140-ты құрады.
Сондай-ақ, тестілеушілерге есептеуіш калькуляторлар берілді. ҰБТ уақыты 4 сағатқа дейін ұзартылды.
Биылғы жылы аудан бойынша ҰБТ-ның ең жоғарғы көрсеткіші 116 баллды көрсетті.