АН-24 қана емес. Үржардың әуежайы ірі ұшақтарға лайықталады
Үржар ауылындағы 55 жылдық тарихы бар әуежай халықаралық стандарттарға сай жөнделетіні соңғы жылдары жиі айтылып жүрген еді. Алайда әлі күнге дейін құрылыс жұмыстары басталған жоқ.
Ауданға іссапармен барған Даниал Ахметов әуежайдың құрылыс жұмыстары биыл басталады деп тұрғындар мен кәсіпкерлерге уәде беріп отыр.
- Үржар әуежайының қайта жаңарту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Жақында бітеді. Өкінішке орай, жұмысты қолға алған компания сапасыз жұмыс атқарды. Дегенмен жұмыс биыл басталып, келесі жылдың соңында бітеді, - дейді әкім
Осыған дейін тек АН-24 ұшақтарын ғана қабылдап келген ұшып-қону жолақтары ұзартылып, ірі әуе көліктеріне лайықталады.
Жаңғырту жұмыстары Үржар өңіріндегі шипалы көлге жаз мезгілінде туристердің бөгетсіз қатынауына жол ашпақ.
Алакөлге жазда 1 миллионға жуық адам келетіндігін ескерсек, жаңа әуежай іске қосылса туристердің саны еселеп артады.