Су құбыры Шыңғыстайдағы әр үйдің ауласына дейін тартылады
Катонқарағай сулы да, нулы да өңір. Оның көк тіреген қызыл қарағайы мен қызбалтыр ақ қайыңы, жасыл шыршасы мен көк терегі жарыса өскен ит тұмсығы батпайтын орманы мен әр адым аттаған сайын алдан кезігетін асау өзендері мен мөлдір бұлақтарын көрген жанның жұмаққа балайтыны да содан.
Алайда табиғатқа адамның пайдасынан гөрі зияны көбірек тиіп тұрған бүгінгі өркениет заманында халықтың жер астының суына деген сұранысының артуызаңды да. Өйткені елдімекендердің маңындағы ашық су көздерінен тазалық кеткен.
«Ағынды судың арамдығы жоқ, бес тастан ағып өткен суды алып іше беруге болады»,-дейтін ата-бабаларымыздың заманы өткен. Оның үстіне үйге енгізілген су- үлкен байлық. Онымен үй тұрмысындағы көп шаруа да жеңілдейді.
Іргесінде тайдай тулаған Бұқтырма жазда ауыл үстінен қырық бұлақ ағып көшелеріне жайылып жатса да таза ауыз суына шөлдеп, қарсысындағы Аққайнар мен төбелеріндегі Өрел ауылдарының тұрғындарының өркениетіне қызыға қарап, ауыздарының суы құрып отырған шыңғыстайлықтардың да айлары оңынан туатын болды. Бұдан бірнеше жыл бұрын республикамызда қабылданған «Ақ бұлақ» бағдарламысының шапағаты тарихы тереңде жатқан, атағы дарынды ұл-қыздарымен алысқа кеткен Шыңғыстайға да тиіп, жалпы сметалық құны 680 миллион болатын су құрылысының жұмысы өткен күзде басталған болатын. Қыс түсіп, жер қатқанға дейін мемлекеттен бөлінген алғашқы соманы игерген мердігер «НКО» ЖШС осыдан екі апта бұрын Шыңғыстайға қайтып оралып су құбырларын салу жұмыстарын жалғастыруға кірісті.
Учаске бастығы Жасұлан Какеновтың айтуынша мердігер компанияның алдында он мың тоғыз жүз жетпіс метр жерге 110 милиметрлік, 4700 метр жерге 20 милиметрлік полиэтилен трубалармен су құбырларын жүргізу, екі су сорғыш станциясын, 480 текшеметрлік бір таза су резервуарын салу керек. Жоба бойынша ауылдағы әрбір үйдің ауласына дейін су құбыры салынады. Ары қарайғы шаруа тұрғындардың өз қалауында.Әрине жұмыс көлемі өте үлкен, әрі жауапты. Мұны олар әзірше алты техника бірлігімен, 12 адам күшімен атқармақ. Көлденең бір шаруалар туындап, әлемді үрейлендірген індет қаржылық қиындықтар тудырмаса құрылыс жұмыстары биылғы жылдың соңына дейін аяқталмақ.
- Көз жасымызды көрген үкіметіміз бен жергілікті билікке рахмет!,-дейді ауылдың құрметті ақсақалдарының бірі Аманжан Нұқсара.- Ауыз суды сонау Күркіреме өзенінен күбімен тасымалдап, көк иық болып бітіп едік. Судан қиналғанда қалаға да көшкіміз келіп кететін. Кімге де болса 20-40 килограмдық күбілерді арқалау оңай емес қой. Ал, енді су үйге келсе көп мәселеміз шешілгелі тұр.Бұл біз үшін тек қана қуаныш емес, тарихи үлкен оқиға.
Шыңғыстайда басталған құрылысқа ауылдың барлық тұрғындары қуанышты. Енді тек ол уақытында сапалы аяқталса болғаны да.
Жәнібек Қызыр