ШҚО-да кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселесі талқыланды
Шығыс Қазақстан облысында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесі қаралды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Алдағы уақытта облыс мектептері мен орта оқу орындарындағы медициналық қызметкерлер, психологтар синтетикалық есірткіге тәуелділікті анықтау бойынша оқыту курстарынан өтпек. Сонымен қатар, мектеп және колледж оқушыларының нашақорлыққа тәуелділігін анықтау мақсатында скринингтер өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл шаралар жасөспірімдердің есірткіге әуестігінің алдын алуға бағытталған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мадина Мырзабекованың айтуынша, өңірде 230 арнайы наркологиялық және психиатриялық төсек-орын бар. Қала және аудан деңгейінде 11 наркологиялық кабинет жұмыс істейді. 2024 жылы облыстық Психикалық денсаулық орталығында 32 жасөспірім тіркеуге алынған. Олар ата-аналарымен бірге медициналық және психологиялық көмек алады.
Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ержан Каримов өңірдегі жасөспірімдер қылмысының 16,7%-ға төмендегенін мәлімдеді. Дегенмен, вандализм өзекті мәселе болып отыр. Бұл қалалық инфрақұрылымға, аялдамаларға, тарихи ескерткіштер мен саябақтарға зиян келтіруде.
Өңірде әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсету жалғасуда. 5 мыңнан астам бала мектепке дейінгі мекемелер мен ерте дамыту орталықтарына тегін барады. Осы мақсатта 830 млн теңге бөлінген.
Жазғы демалысты ұйымдастыру үшін лагерлерге жолдама беруге қаражат қарастырылған. Материалдық көмек ретінде мектеп оқушыларына киім-кешек, аяқ киім және оқу құралдары сатып алынады.
Мемлекет мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды қолдауға айтарлықтай қаржы бөліп отыр. Дегенмен, масылдық пен тұтынушылық көзқарасты жою қажеттігі де атап өтілді.
Отырыс қорытындысы бойынша барлық көтерілген мәселелер бақылауға алынды. Балалардың құқықтарын қорғау, құқықбұзушылықтың алдын алу және олардың болашағына қолдау көрсету басты назарда болмақ.
Жанаргүл Мұқатай
Фото: Аяужан Утеулинова