Итті атып, үстінен машинамен жүріп өткен кім? - Өскемен
Өскеменде белгісіз біреу көшеде жүрген итті атып, үстінен машинамен таптап өтті, деп хабарлайды Аltaynews тілшісі YK-news.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Оқиға 7 қаңтар күні Жаңа Ахмер ауылында болған.
- Ер адам шамамен 30-35 жаста болуы керек. Көшеде өз бетімен жүрген итті пневматикалық қарумен атып тастады. Бірақ оған итті ату өзі аз көрінген сияқты. "Lada Priora" маркалы машинасына отырып, үстінен жүріп өтті, - дейді ит-мысықты асырайтын орталықтың директоры Алина Сайфуллина.
Куәгерлер, иттің ешқандай агрессия танытпағанын айтады, сондықтан ер адамның бұл іс-әрекетін түсіндіру қиын.
"Преданное сердце" қоғамдық бірлестігінің еріктілері қан-жоса болған итті ветеринарлық клиникаға жеткізген. Алайда, Мұхтардың жағдайы ауыр. Рентген суреттері бойынша, иттің төменгі жағы мен құлағы, мұрын қуысы зақымданған. Мамандардың сөзіне сенсек, Мұхтардың координациясы бұзылған және оның аман қалуы екі талай.
Зооқорғаушылар, итке аяусыздық танытқан ер адамды ҚР Қылмыстық кодексінің 276-бабы бойынша жазалау қажет деп есептейді. Осыған байланысты "Преданное сердце" қоғамдық бірлестігінің белсенділері оқиға орнында болған куәгерлерді іздеуде.