Ауғанстанның Мона Лизасы (Белгілі суреттің белгісіз тарихы)
Шарбат Гула - суреттегі бойжеткеннің есімі. Пушту тілінен аударғанда, "гүлді шәрбат" деген мағынаны білдіреді. Оның тылсым жанары, тым жұмбақ бейнесі бүкіл әлемді шарлап шықты, ал ол болса, өзінің атақты екенін жылдар бойы білмей келген.
1985 жылдың маусым айында National Geographic журналы ерекше атаққа ие болды. Фотожурналист Стив Маккарри ауғандық қызды суретке 1984 жылы түсірген. Маккаридің мақсаты, Ауғанстан мен Пәкістан шекарасындағы қашқындардың жай-күйін жеткізу болатын. Бірде, Насыр-Баг лагерінде жүрген Маккари мектепке барады. Мұғалімнен рұқсат алып, оқушыларды суретке түсірмек болған, Маккари Гуланың ерекше бейнесіне таңданып, ұстазынан ол қыздың кім екенін сұрайды. Ұстазы, Гула Шарбаттың туған ауылын Советтік ұшақтар ойрандағанын, ата-анасынан айырылған бойжеткеннің, бауырлары мен әжесін ертіп екі апта бойы жалаң-аяқ тау мен тасты кезгенін жеткізеді. Фотосуретке қосымша жарық түсірілмеген.
Он жеті жыл бойы, майдандағы қашқындардың символына айналған 12 жасар қыздың есімі жұмбақ болып келген. 2001 жылы ғана Маккари ол қыздың атын іздестіре бастайды. Маккари Гуланы 30 жасқа тақаған тұсында ғана табады, Гула да фотографты бірден таныған, өйткені осыған дейін ол суретке небәрі үш рет қана түскен екен. Жанарымен өз тағдырын жайып салған Гула, бүкіл әлем көрген суретін, 2002 жылдың қаңтарында ғана көрген.