Халықтың жаңа мәшине сатып алуы бойынша ШҚО соңғы орында
Жаңа мәшине сатып алу бойынша облыстар арасында Шығыс Қазақстан соңғы орында, деп хабарлайды zakon.kz.
Қазандағы санақ бойынша, республикада 3,7 миллион жеңіл көлік бар. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 7% аз. Осы көліктердің 95%-ы адамдардың меншігінде.
Кейінгі үш жылда шығарылған, яғни жаңа көліктердің сатылуы төмен. Жаңа мәшинені көбіне батыс өңірлер мен астаналықтар сатып алады.
Атырау облысында кейінгі үш жылда шығарылған көліктердің саны облыс аумағындағы жалпы көліктің 23,6 пайызына тең – 26,4 мың. Мұның өзі былтырғыдан (31,8%) аз.
Екінші орында – Нұр-Сұлтан. 53,6 мың мәшине. Бұл – астанадағы барлық мәшиненің 20,1 пайызы.
Үшінші, Батыс Қазақстан облысында жаңа көліктер 15% – 17,1 мың мәшине.
Ал жаңа көліктерді сатып алу бойынша соңғы үштікте Жамбыл (3,5%), Алматы (4,5%), Шығыс Қазақстан (4,9%) облыстары.