Медициналық қызмет көрсетудің JCI стандартына көшеміз - ШҚО
Өңірде денсаулық сақтау саласының тиімділігін «Облыстың денсаулық сақтау саласының дамуын қуып жетушіден – басып озуға ауыстыру» тапсырмасына сәйкес, бес бағыт бойынша арттыру қолға алынды.
2016 жылдан аймақта клиникаларды халықаралық стандарттарға сай жаңғырту мен диагностикасына, емдеудің озық технологияларына, кадрларды әлемнің алдыңғы қатарлы клиникалары мен еліміздің ғылыми орталықтарында даярлау мен қайта даярлауға қаржы құю қолға алынды. Сонымен қатар цифрландыру жүріп жатыр, мамандандырылған жоғары технологиялы орталықтар құрылуда. Медициналық қызметтерді көрсетудің JCI халықаралық стандартына көшу соңғы кезең болып табылады.
– Үш жылдың ішінде, бағдарлама аясында облыс клиникаларын орташа әлемдік стандарттарға сәйкестендіру, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 30 млрд. теңге қаржы қарастырылды, бұл жоғары технологиялы қондырғылардың көлемін 2,5 есе арттыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде облыста бұрын жасалмаған 120 мың операция мен диагностикалық зерттеулер енгізілді, – дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.
2,6 млрд. теңгенің заманауи жоғары технологиялы құралдарымен жабдықталған «Роботталған хирургия, ангиохирургия және трансплантология орталығы» – аймақтың мақтанышы. Шетелде оқып келген дәрігерлер 2018 жылдан бері 2173 өте күрделі, аз инвазивті ота жасады.
Семей қаласындағы медициналық жедел жәрдем ауруханасының базасында политравма және ортопедия орталығы ашылды, ағымдағы жылы техниканың соңғы үлгілерімен қамтамасыз етілген тұңғыш гибридті нейрохирургиялық операция жасалды.
Алтай мен Аягөз аудандарының орталықтарында ашылған екінші деңгейлі инсульт орталықтары екінші жыл облыс орталығынан шалғайда тұратын 320 мың адамға қызмет көрсетіп келеді. Осы ауруханаларда ангиограф қондырғыларымен жабдықталған, кадрлармен қамтамасыз етілген кардиохирургия орталықтарын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл қан айналымы жүйесі ауруымен ауыратын барлық пациенттер үшін «алтын сағат» принципін сақтауға мүмкіндік береді.
Дертті ерте анықтау және науқастарды сапалы емдеу мақсатында облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығына соңғы үлгідегі 3,0 теслді МРТ аппараты сатып алынды.
Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде заманауи озық қондырғылармен жабдықталған, жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етілген офтальмохирургия орталығы іске қосылды. Семей қаласында 200 орындық балалар ауруханасының құрылысы аяқталуға жақын, Өскемен қаласында 300 орынға арналған көпсалалы аурухана салу жоспарланған.
Сонымен қатар өңірде дәрігерлерді онкология, кардиология, бала туу және балалық шақ, аудан ауруханалары бас дәрігерлері үшін менеджмент сияқты басым бағыттарда оқытудың үш деңгейлі бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. Бірінші деңгей аясында алғашқы буын 3,7 мың дәрігер Семей медициналық университеті мен республикалық ғылыми-зерттеу институттарының базасында оқыды. Екінші деңгей шеңберінде 1,5 мың дәрігер облыстың клиникаларында халықаралық және отандық жетекші мамандардың 86 шеберлік сабағына қатысып, дәріс алды. Үшінші деңгей бойынша 276 маман Үлыбритания, Германия, Италия, Жапония, Польша, Израиль және Литвада біліктіліктерін ұштап келді. 2020 жылға дейін 300 медициналық қызметкерді шетелде оқытып, біліктіліктерін халықаралық деңгейге дейін көтеру жоспарланған.
Қазіргі таңда мекемелерді халықаралық JCI «Алтын стандартына» сәйкес аккредитациялау басталды. Әзірге жұмыс Семей қаласындағы жедел жәрдем ауруханасының базасында жүріп жатыр. 2021 жылға дейін медициналық қызметтердің сапасының осы стандартына Өскемен қаласындағы ана мен бала орталығы да өтеді.
– Кешенді шаралар үш жыл ішінде денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштері бойынша жағымды динамикаға қол жеткізуге мүмкіндік берді: бала өлімі 22% төмендеді, туберкулезден болатын өлім-жітім 7 есе азайды, аурушаңдық 58%, қан айналымы жүйесі ауруларының өлім көрсеткіші 51% төмендеді, – дейді аймақ басшысы Даниал Ахметов