KZ
Өскемен
+18°
пасмурно жел 3 м/с, ОБ
481.84 531.33 5.07

Қалқаман Сарин: "Екі жарым айдан бері өскемендікпін"

13.11.2019, 07:03 182

 

Ақын Қалқаман Саринмен кездесуде оқырмандарының бірі былай деді: «Өлеңдеріңізді оқып отырсақ, жыл мезгілдерінің ішінде күзді жақсы көресіз, тәуліктердің ішінде түнді жақсы көресіз, аспан денелерінің арасында ай мен жұлдыздарды жақсы көресіз. «Жалғыздықты жақсы көрем» дейсіз және...». Шамасы, оқырман мұның неліктен екенін білгісі келді, ендігі сәтте үнсіз қалып, сөзді ақынның өзінен күтті.

Ал Қалқаман Саринның жауабы қалай болды дейсіз ғой? «Менің жаным күз секілді болғанымен, жүзім – жаз», деді. Бұл да бір ақын жаратылысының қалтарыс-бұлтарыс, көп жұмбағының бірі шығар. «Менің жырларымды оқыған жұрт жалғыздықтан жапа шегіп жүрген байғұс екен ғой деп ойлауы мүмкін. Бірақ мен жалғыз емеспін. Бір ер азаматтың басында болуға тиіс дүниелерді Алла маған берген. Бергеніне шүкір етем. Бірақ «Ешкімге керегің жоқ, Ешкімнің керегі жоқ. Сұрама «неге бұл?» деп, Себебі, себебі жоқ. ...Ешкімді шақырмайсың, Ешкіммен таныспайсың, Құдайға жақындайсың, Күнәдан алыстайсың. Сол үшін жақсы көрем жалғыздықты» деп жырлауымның мәнісі бар. Мен көпшілік ортада жүргенде адам ретінде жаңылып, жаза басып, өтірік күліп, өтірік айтады екем. Былайша айтқанда, күнәға жақындаймын. Ал оңашада, ұятыммен, арыммен бетпе-бет келгенде кімді алдаймын? Ешкімді алдай алмаймын. Қасымда өтірігімді тыңдайтын жан жоқ. Сол үшін жалғыздық пен күзді жақсы көрем» деп толықтырды ақын жауабын.

Оқырмандардың тағы бірі «Лирик ақынды құдай қосқан жары кейіпкерлерінен қызғанбай ма? Үйде ыдыс-аяқ сылдырламай ма?» деген сұрау тастады.

– Ол кісі ұрыспайды... Үйдегі жағдайым тыныш. Мына өлең кім туралы, не туралы деген соғыс болған жоқ. Өлеңде еркін шығармын мен. Бірақ өлеңді өмірге айналдырып, өлеңдегі адамды іздеп, өзіммен-өзім безіп кетпейтінім белгілі ғой, – деді Қалқаман Сарин.

Студенттер жиналған әдеби кездесуде ақын өзінің Есіл бойында, бұрынғы Ақмолада өткен жастық шағын еске алды. «Адамдар ақын болу үшін Алматыға аттанып жатқанда, мен 16 жасымда Ақмолаға бардым. Университетті аға-жеңгемнің қолында тұрып оқыдым. Ол кезде Ақмолада әдеби орта болмаған. Өлеңді қыздарға хат жазудан, сауық кештерінде аруларға жыр арнаудан бастадық», дейді Қалқаман Сарин. Қыздардың жүрегіне бастар жол – махаббат лирикасын ақын осы кезде мықтап игерсе керек.

Бұл кездесу Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы кітапханада болды. Кездесуге шаһардағы жырсүйер қауым жиналды. Одан бөлек Глубокое ауданы Белоусов кентінен мектеп оқушылары арнайы келіп қатысты. Қонақтарға Сәрсен Аманжолов атындағы университеттің жанынан құрылған «Шабыт» жастар театрының актерлері ақын өлеңдерінен дайындаған қойылымын ұсынды.

Иә, 16 жасында Есілдің бойына «ақын боламын» деп аттанған Қалқаман Сарин араға 25 жыл уақыт салып Ертіс бойына қайтып оралды. Өзінің айтуынша, қызмет үшін. Бірақ бұл қызметтің аты мен затын әзірге жұмбақ күйінде қалдыруды құп көрді. «Екі жарым айдан бері өскемендікпін», дейді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив