KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 2 м/с, З
479.23 534.96 5.16

Сиыр сауу бизнесін пайдалы іске айналдыру керек

12.11.2019, 04:34 133

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері мұхиттың ар жағынан тәжірибе жинақтап қайтпақ. Бұл жөнінде Еуропалық Қайта құру және даму банкінің БҰҰ-ның Азық түлік және ауылшаруашылығы ұйымымен бірлесе өткізген семинары барысында белгілі болды.

«Сүт бағытындағы мал асырау» тақырыбымен өткен семинар Глубокое ауданына қарасты Солнечное ауылындағы «Опытное хозяйство масличных культур» ЖШС базасында өткізілді. Модератор ретінде арнайы шақырылған италиялық маман Инна Пунда қатысушыларды мал азығын дайындау, жайылымдарды басқару, генетика, ветеринария, мал қораларына деген талап, сүт саууда сақталатын гигиена сияқты тақырыптармен таныстырып өтті. Аталмыш семинардың тағы бір ерекшелігі – ел бойынша өткізіліп жатқан курс қатысушыларының ішінен үздіктері таңдап алынып, АҚШ-тың Мичиган Мемлекеттік университетіне үш апталық оқуға жіберілуі болмақ.

– Еуропалық қайта құру және даму банкі мен БҰҰ-ның Азық түлік және ауылшаруашылығы ұйымы Қазақстанда сүт өндіруді дамытуға ниетті. Сол себепті өз кезегінде шаруаларға осы технологияны үйрететін кеңесшілер дайындамақ. Ең бастысы бұл шараға сүт өндірушілер мен өңдеушілердің бір адамдай қатысуы болды. Бізде қалай? Сүт өндіруші тауарын қымбатқа өткізгісі келсе, өңдеуші оны арзанға сатып алғысы келеді. Осылайша қос тарап бір мәмілеге келе алмай жатады. Ортада тағы бір буын, яғни сүт қабылдаушы пункттер бар. Бұл семинарда БҰҰ-ның Азық түлік және ауылшаруашылығы ұйымы сонымен қатар өңдеушілерді де оқытты. Олар кері байланыс болуы үшін белгілі бір деңгейде талдау жұмыстарын жүргізіп отыруға келісті, - деді Кәсіпкерлер палатасының Агроөнеркәсіп кешені бөлімінің бастығы Асқар Жақұпбаев.

Жауапты тұлғаның айтуынша, келесі жылдың қаңтар айынан бастап консалтингтік компаниялар агроөнеркәсіп кешенінде БҰҰ-ның Азық түлік және ауылшаруашылығы ұйымымен сертификатталған 8 жергілікті маманды шақырып, оқыту курстарын өткізбек көрінеді. Олар шаруа қожалықтарының, жеке шаруашылықтар мен сүт қабылдау пункттері өкілдерін сүт өндіруде талап етілетін жаңа техникалық регламентке оқытады. Аталмыш семинарға мал өсіретін, сондай-ақ қолдан ұрықтандырумен және вакцинация жүргізумен айналысатын компаниялар өкілдері шақырылмақ.

– Біздің басты міндетіміз – адамдарға тауарлы-сүт фермаларының неге салынып, сауын сиырларды қандай мақсатта ұстайтынын үйрету. Сиырды сүтін сауып, бұзауын алу және сойып етін сату үшін ғана емес, сондай-ақ одан толыққанды пайда табуды үйрету. Біз 5-тен 200 басқа дейінгі малы бар кіші-гірім шаруашылықтардан бастап, оларға ірі қараны қалай күтіп-бағуды, мал басын көбейтуді және тағы басқа жақтарын үйретеміз. Басты міндет – сиыр сауу бизнесін пайдалы іске айналдыру, - деп қосты Асқар Шәкенұлы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив