KZ
Өскемен
-7°
небольшой снег жел 1 м/с, З
519.28 540.05 5.31

Қала іргесіндегі Меновной ауылы тұрғындары ми батпақты кешіп жүр (ФОТОРЕПОРТАЖ)

1.11.2019, 12:26 202

Қала іргесіндегі Меновной ауылы тұрғындары ми батпақты кешіп жүр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Меновной кенті, Сельская көшесінің жолдары қазылып жатқанына екі жарым жылдың жүзі болыпты. Тұрғындар мәселені айтып жергілікті әкімдікке бірнеше рет барыпты. Өкінішке қарай нәтиже жоқ. Көзіне еріксіз жас алған қариялар «бізге асфальт жолдың керегі жоқ, тым құрығанда тегістеп, қиыршық тас төгіп берсе жетер еді» дейді. Күн сайын үш көшені көктей өтіп Максим Горькийдегі аялдамаға әрең жетіп жүрген тұрғындар жол бойындағы аузы үңірейіп жатқан кәріз құдықтарының әсіресе бала-шаға үшін аса қауіпті екенін айтып дабыл қағуда.

Дәл осы көшеде Жанна есімді көпбалалы ана тұрады. Бұл отбасында жеті бала тәрбиеленіп жатыр. Басқасын айтпағанда балалардың мектепке барып келуінің өзі мұң болады жаңбырлы күні. Бұл ауылдың тұрғындары жауын-шашында көшеге шыққанда міндетті түрде аяқ киімінің сыртынан пакет киіп алады екен.

- Бұрын біздің көшеге 53 пен 55-шы автобустар қатынайтын. Бірақ екі айдай болып қалды, жүрмейді. Аялдама өте алыста. Үш көше жаяу жүреміз. Немерелерім де келмей кетті. Апа сенің үйіңнің маңайы батпақ қой дейді. Немерелеріміздің маңдайынан иіскеуге зар болып отырмыз, - дейді тұрғын.

Иә, автобус жүрмейтін, такси келмейтін көшелер аз емес Өскеменде. Соның бірі Меновной ауылындағы осы көшелер. Басқа жол болмағандықтан белуардан батпақ кешіп жүруге мәжбүр. Ал жергілікті билік болса, тұрғындардың мәселесін шешуге асықпайтын секілді. Олай болса бір қауым елді зарлатып қойған әкімдіктің есігін біз де қақтық.

-        Қалада барлығы 30 мыңға жуық кәріз құдықтары бар. Қақпақтарды бүгін жапсақ, ертең ұрлап кетеді. Шаһардағы басты мәселелердің бірі осы. Қарашаның ортасына дейін мәселені шешеміз. Кәріз құдықтарының аузын жауып, жолға қиыршық тас төсеп береміз,  - дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әлібек Тұрсымбетов.

Қысқасы қала әкімдігі қарашаның ортасына дейін мәселені шешіп береміз деп  уәде берді. Ендеше, жақсы жаңалық күтейік.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу