KZ
Өскемен
+31°
ясно жел 2 м/с, ОШ
471.46 504.79 5.53

Алаяқтар жаңа тәсіл ойлап тауыпты: "Пәтер салығын жылдам төлеу керек"

16.10.2019, 11:49 143

Қазақстанда тұрғын үй мемлекеттік бағдарламасын алаяқтыққа айналдырғандар азаймай тұр. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкіметтің» басқарушы директоры Мұрат Жұманбай мәлімдеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Мемлекеттік корпорация өкілі қызметтік тексеріске себеп болған «қызықты» бір жағдай туралы әңгімелеп берді.

– Ер азаматқа белгісіз бір бойжеткен қоңырау шалып, өзін ХҚКО қызметкері ретінде таныстырған. Баспана кезегінің келгенін мәлімдеген «қызметкер» әлдебір құжаттардың фотосуретін де жолдаған екен. Сондай-ақ мелекеттік баж салығын тез арада төлемесе, пәтерден айрылып қалуы мүмкін екенін ескертіпті, – дейді М.Жұманбай.

Алайда бұл хабар аяқ астынан «бақытқа кенелген» азаматтың көңіліне қонбаған көрінеді. Біріншіден ол Қарағандыда тұрады және елордадан пәтер алу үшін құжат өткізбеген. Екіншіден шұғыл түрде қарыз төлеуден қауіптенген. Сондай-ақ «құжатта» Алматы облысындағы белгісіз бір мекенжай көрсетіліпті.

Осыдан кейін «Азаматтарға арналған үкімет» МК қызметкерлері ақпаратты тексеруге кіріскен:

– Әріптесіміз әлгі азамат берген нөмірге қоңырау шалды. «ХҚКО қызметкері» өз айтқандарын сөзбе-сөз қайталап берді. Біз Есіл ауданындағы қай ХҚКО-да жұмыс істейтінін сұрадық, себебі онда екі мекеме бар. Ал бойжеткен бұл сұраққа жауап бере алмады. Тұтқаны бөлім басшысына беруді сұрағанымызда, Мөлдір Бахытжановна есімді әйел әңгімеге араласты. Іскер адам сынды маңызды сөйледі. «Егер пәтер қажет болмаса, қажет емес деп айтыңыз» деп, тұтқаны қоя салды, – деп сөзін жалғады Мұрат Жұманбай.

Оның айтуынша, ХҚКО қызметкерлері азаматтарға мұндай ақпарат пен ұсыныс бойынша қоңырау шалмайды.

– Бізде бұл құжатта көрсетілген тұрғын үй бағдарламасы туралы ақпарат жоқ. Кезекті бір алаяқтықтың схемасы болар деп топшылап отырмыз. Бұлардың мақсаты адамдардың сенгіштігін пайдаланып, ақшаларын жымқыру, – деп түйіндеді Мұрат Жұманбай.

Кейінірек мұндай оқиғалардың бұған дейін де қайталанғаны анықталды. Мемлекеттік корпорация өкілінің мәлімдемесі құқық қорғау органдарының назарын аударды. Енді тергеу жұмыстары жүргізілмек.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив