«Кабинетте тығылып отырсыздар» - Даниал Ахметов
Бүгін ШҚО әкімдігінде өткен отырыс барысында аймақ басшысы Ауыл шаруашылығы басқармасының жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Отырыста ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, дайындау және қайта өңдеу жөніндегі орынбасары Владимир Гайламазян «Агроөнеркәсіп кешені саласындағы цифрландыру» тақырыбында баяндама жасаған еді.
Аймақ басшысы атқарылған жұмыстардың экономикалық талдауы мен қаржылық құжаттарының жасалмағанын алға тартып, басқарма басшысының орынбасары мен облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбековке аймақтағы цифрландыруда тиімді нәтиже көрсеткен "Защита Уба" ЖШС-не барып, өз көзімен көруге және талдау жасауға тапсырма берді.
- Екеуіңіз кабинетті тығылып отырсыздар, ешкімге ешқандай ұсыныс жасамайсыздар. Ал бізде тамаша ұсыныстар бар. Мысалы, Көкпектідегі «Елім-ай» ЖШС – даму идеологиясының бір түрі, «Шалабай» ЖШС - дамудың бөлек идеологиясы. Олар немен ерекшеленеді? Өзгеше, бірақ тиімді амал-тәсілдерімен. Сіз екеуіңіз осы жағын реттеп, барлық спектрді ұсынуларыңыз керек. Кім Көкпектідегі «Елім-ай» секілді тәжірибелі жұмыс көрсете алады? «Шалабай» шаруа қожалығы секілді тағы кім дәстүрлі жұмыс істейді? Екі жақ та тиімділігі жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Бұл егіншілікті цифрландыруға да қатысты. Онсыз да түсінікті дүниені айта бермеңіздер. Бір нәрсе айтпас бұрын тым болмаса дайындалып келіңіздер. Маған сол қызықты, - деді Даниал Ахметов.
Екі шенеунікке аймақ басшысы тапсырманы орындауға 10 күн уақыт беріп отыр. Осы мерзім ішінде олар жоғары нәтижелер көрсетіп отырған шаруа қожалықтарының жұмыстарымен танысып, экономикалық талдау жасауға тиіс.
- Бұл мәселеге байыппен қараңыздар. Сонда ол әкімдер үшін де маңызды болмақ. Олар мұны зерттей бастайды, - дейді аймақ басшысы. – Мұның барлығы біздің көз алдымызда тұр, ал біз оны таныстырып көрсете алмаймыз.
Даниал Ахметовтың айтуынша, облысымызда тамаша ауыл еңбеккерлері бар екен. Олардың көбі жаңашыл бастамаларды жүзеге асырған, новатор болып табылады. Көптеген әлемдік деңгейдегі технологияларды меңгерген.
- Шалқар Заманбекұлы, сіз күнделікті бұл процесспен айналысуға тиіссіз. Кабинетте отырсаңыз, тым болмаса, мал өсіру, егіншілік жайлы көп оқып, білуіңіз керек, - деді облыс әкімі.