Облыстық филармония Майамиге барады
Облыстық Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияcы жаңа маусымды бастады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Семейде Шығыс Қазақстан облыстық Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының 74-інші маусым ашар концерті өтті. Өнердің қарашаңырағы саналатын ұжымның іргетасы құрылғаннан бастап өнерпаздар алыс-жақын шетелдерді тәнті етіп келеді. Ал, биылғы маусымашар «Рухани жаңғыру», « Жастар жылы» және Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұйымдастырылыпты. Кезекті өнер маусымының ашылуына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қатысты.
- Жаңа маусымды жаңа форматта, жаңа бағытта өткізу басты міндет болған. Ойлағанымыз жүзеге асқан тәрізді. Оған келген көрерменнің өнерпаздарға деген құрметі мен қошеметінен анық аңғардық. Біз үшін көрерменнің ықыласынан асқан мәртебе жоқ, - дейді филармония директоры Адай Азаматов.
Концерт шымылдығы этно-фольклорлық ансамбль Абайдың «Аттың сыны» өлеңіне композиция орындап, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын насихаттау өнер ұжымының басты ұстанымы екенін көрсетті. Мерекелік кеш өнер ордасының халықаралық байқауларға, фестивальдерге қатысқанын айшықтайтын деректі фильммен бастау алып, көрермендер ұжымның жүріп өткен жарқын сәттерін жадында жаңғыртты.
- Жақында біздің концерттеріміз облыстағы аудандар мен Өскеменде өтеді. Қараша айында Моңғолияға баруды жоспарлап отырмыз. Ал жыл соңында біздің фольклорлық ансамбль Майамиге аттанады, - деді Шығыс Қазақстан облыстық Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының директоры Адай Азаматов.