Енді Фейсбук қолданушылары өзгелерге басылған лайкты көре алмайды
Енді Фейсбуктың кейбір қолданушылары өзгелердің жазбасына басылған лайк санын көре алмайды. Алпауыт әлеуметтік желі осылайша адамдардың өзін-өзі жақсы сезінуі үшін ыңғай жасамақ, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Иә, әркім өз жазбасына басылған лайктарды ғана толық біледі. Ал басқалар сол жазбаға өзінің достарының ғана лайк басқанын көретін болады.
– Әуелгі сынақ Австралияда жүреді. Егер бұл сынақ адамдардың жағдайын жақсартып, ыңғайына келсе, бүкіл әлемде қолданысқа енгіземіз, – деді компания өкілі.
Дәл осы сынақ Инстаграмда да жүргізіліп жатқаны мәлім. Инстаграмдағы сынақ тіпті бір ғана ел емес, Канада, Жаңа Зеландия, Австралия, Бразилия, Жапония, Италия, Ирландия бастаған бірқатар мемлекетте жасалуда.
Психологтардың пікіріне сүйенсек, кей адамдардың жазбасына басылған лайк саны аз болғандықтан, оның өзіне деген сенімділігі төмендейді. Тіпті Англияның денсаулық сақтау қоғамдық бірлестігі адам психологиясына ең қауіпті желі Инстаграм екенін анықтаған.