KZ
Өскемен
+1°
туман жел 2 м/с, СБ
491.7 531.28 5.07

Бородулиха тұрғыны қысы-жазы құлпынай өсіреді

28.09.2019, 09:19 306

Алты ай ауасы құрғап, саршұнақ аязы қысатын Бородулиха өңірінде қысы-жазы құлпынай өсірілмек. Мұндай идеяны Семей шаһарынан Зенковкаға арнайы көшіп келген Ольга Колмогорова жүзеге асырмақ. Жылыжай салып жергілікті жұртты жарылқауды мақсат тұтқан кәсіпкер азаматша бұл іске өз қаражатымен қатар мемлекеттің түрлі бағдарламаларын да кәдеге жаратып, игілігін көрмек ниетте.

Туған жерге қайта оралды

Бородулиха ауданына арнайы іссапармен барған біз Зенковкада қолға алынған осы бір игілікті іске атбасын бұрмай кетуді жөн санамадық. Белағаш ауылдық округіне қарайтын кіші-гірім ауылдың тумасы туған жеріне қайта оралып, жер нәрін нәсіп етуді ойлаған екен. Семейдегі қала өмірін ауылдың қара көшесіне алмастырған бұл отбасы бизнесті жыл бастала қолға алған екен.

– Бұл жұмысты қолға алмас бұрын Өскемен іргесіндегі Украинка ауылындағы жылыжайдың жұмысымен танысып қайтқан едім, – дейді Ольга Колмогорова. – Әрине онда лимон, мандарин, банан және кофе сияқты тропиктік жидек түрлерін өсіріп жатқаны белгілі. Мен әзірге ондай деңгейге құлшынбаймын. Қазір бізде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Бақытты балалық шағы өткен ата-анасының үйіне бірнеше жылдан соң қайтып оралған Ольга бұрындары картоп отырғызылып келген бақша аумағының жартысына жылыжайды салғызып үлгерген екен. Жартылай жер астында, жартылай жер үстіне жайғасқан жылыжайдың төбесі арнайы пластик шынылармен жабылған. Аумағы да ауқымды – 125 шаршы метрге жайлйп салынған.

– Бұған дейін Семей қаласында тұрғанбыз. Отбасы мүшелерімізбен ақылдаса келе туған ауылымызға оралуды шештік. Семейдегі жайлы пәтерімізді сатып, сол қаражатты отбасылық бизнеске салуды ұйғардық. Осылайша ата-анамыздың үйіне келіп осы жерде жылыжай салуды ойластырдық. Анамның да мамандығы биолог. Маған түрлі кеңестерін беріп, әр өсімдікті қайтіп баптауды үйретті, – деді Ольга Николаевна.

Жыл он екі ай жұмыс істейміз

Жыл бұрын жерді қазып, қабырғасы қаланған жылыжайға алғашқы қызанақ пен қияр көшеттерін ақпан айында отырғызған олар маусым айына қарай жемсін жинай бастаған.

– Әзірге жылыжайға жылыту пеші орнатылған жоқ. Осы себепті біз көкөніс көшеттерін ақпанға қарай отырғыздық. Төбесі шыны болғандықтан мұндағы температура ерте көктемде көшет егуге ыңғайлы. 40 градустық қақаған аязда жылыту пешінсіз мұндағы ауа температурасы -7 градустық межеде сақталып тұрады. Қазіргі уақытта Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі грантты алуға тапсырыс беріп қойдық. Үлкен ұлым «Бизнес-Бастау» бағдарламасы аясында курсты тәмамдап, осы жобаны сәтті қорғап шықты. Ендігі кезекте мемлекет тарапынан бізге берілетін 500 мың теңгелік грантты күтіп отырмыз, – деп қосты Ольга Колмогорова.

Бұл қаражат жылыжай ішіне көмір жағатын пеш сатып алуға жететінін алға тартқан ол биылғы қыстан бастап көкністі жыл он екі ай өсіруді қолға алатынын айтады.

Экзотикалық жидек түрін өсірмек

Жайлы ортада өскен қызанақ пен қияр сабақтары бірнеше метрге өрмелеп өскені соншалық олардың жемісін сәкі қойып үзуге тура келген екен. Бұдан бөлек жылжай ішінде құлпынай өсіруді да қатар қолға алған олар жидектің осы түрінің ғана шаш етек пайдаға кенелетінін байқаған.

– Уақыт өте келе жылыжайымызда осы жидектің түрін ғана өсірсек пе деген ойдамын, – деп сөзін жалғады Ольга Ивановна. – Жидектің жұртқа зәру бұл түрін жергілікті тұрғындардың талап алатынын байқадым. Демек, пайда шаш етектен. Біреулер тосап қайнатса, екінші біреулер емдік қасиетін пайдаланады. Құлпынайды мамыр айының басынан бастап жинадық. Жергілікті дүкендердің сөрелері мен дәмхана дастархандарына қойылатын экзотикалық жидек түрлерін де өсіргім келеді. Ол әрине болашақтың ісі. Биыл жазда біз Белағаш ауылдық округінің барлық дүкендерін қиярмен, қызанақпен қамтамасыз еттік. Аздап гүл тұқымдарын да сатып алып егіп көрдік.

Отбасының ортақ бизнесі

Алдағы уақытта жылыжай кешендерінің санын екеуге жеткізуді ойлаған кәсіпкер әйел қазірдің өзінде бизнесіне үш миллион теңгеден астам қаражат құйған екен. Десе де ол жұмсалған қаражаттың еселеп қайтатынына сенімді.

– Барлығы да балаларымның болашағы. Үлкен ұлым колледж бітіріп қазір қасымда көмекші болып жүр. Кішкентай ұлым ауыл мектебінде білім алып жатыр. Жолдасым екеуіміз, анамыз бар осы бизнесті одан әрі дөңгелентудің қамын жасаудамыз. Көпшілік ауылды жерде инновациялық жобаларды жасау мүмкін емес дейді. Бұл бос сөз. Біздің бастаған ісіміз бір жағынан қарапайым. Жер еміп пайда табу. Алайда қазіргі уақыттағы заманауи технологиялар мен материалдар осы қарапайымдылықты күрделі үрдіске айналдыруға көп мүмкіншілік беретіні рас, – деді Ольга Николаевна.

Туған ауылына қайта оралып көркейтуді қолға алған бұл отбасының басына жазған тағдыры дерсің. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Өйткені тоқсаныншы жылдардың тоқырауында Алманияны бетке алған оның сіңлісі Ирина мен жолдасы Константин Поп кейінгі жылдары Қазақстанға қайта оралған екен. Кәрі құрлықта ел мен жерді сағынған олар Зенковкаға қайта келіп, шаруашылықтарын дөңгеленткен. Қайырымдылық іске ден қойған. Осылайша олар өз қаражаттарына ауылға 250 адамды орналастыратын жабық хоккей кортын салып берген.

Жас кәсіпкер жобасы

«Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы  «Жас кәсіпкер»  жобасын биылдан бастап қолға алған. Мақсатты аудиториясы NEET санатындағы (жұмыссыз) жастар, жас және аз қамтылған көпбалалы отбасылар, 18 бен 29 жас аралығындағы еңбекке жарамды мүгедектер. Жобаны іске асыру «Еңбек» жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында қалаларда, аудан орталықтарында, моноқалаларда және Республикалық маңызы бар қалаларда жүзеге асырылуда.

Бағдарламаның міндеттері:
- жастарды кәсіпкерлік қызметке жаппай тарту,
- перспективалы кәсіпкерлік идеяларды іріктеу және қолдау,
- бизнес жүргізу үшін практикалық оқыту және дағдыларды игеру,
- жастар арасында кәсіпкерлік қызметті дәріптеу,
- ауылда және қалада бизнес ортаны қалыптастыру.

Жобаға қатысу жастарға кәсіпкерлік негіздерін оқытуға, өз орнын табуға, өз бизнесін ашуға және грант түрінде бастапқы 200 АЕК (505 мың теңге),  жеңілдетілген несиені жылдық 6%-бен 8000 АЕК-ге дейінгі жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді.

Оқыту тәжірибелік тапсырмаларды, кейстерді, іскерлік ойындарды қолдана отырып, кәсіпкерлік қызметті нарықтық экономика жағдайында жүргізу кезінде белгілі бір ұғымдар мен құзыреттер шеңберін жүйелеу үшін ҰКП әзірлеген материалдар негізінде өткізіледі.

Жобаға қатысу үшін қатысушылар келесі құжаттарды тапсыруы қажет: жеке куәліктің көшірмесі, мекенжай анықтамасы (egov.kz) және жобаға қатысу үшін өтінішті толтыру.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив