Салық төлеу үшін басқармаға сабылудың қажеті жоқ
Қалатұрғындарының басым бөлігі салықтан жалтарған емес. Міндетті төлемдерді еш ескертусіз төлегенді әдетке айналдырғандар көп. Алайда биыл мүлік және жер салығының соммасы коммуналдық төлем түбіртегіне қоса жазылып, үйдің кез-келген тұрғынының жеке сәйкестендіру коды көрсетілген. Онымен қоса почта қызметі оларды уақытылы таратып үлгермей жатыр.
Осыдан «Үй менің атымда, бірақ түбіртекте жұбайымның аты көрсетілген» деген сынды сауалдармен Өскемендегі салық басқармасына ағылған халық аяғы толастар емес. Басқарма есігін қаққан халыққа ондағылардың айтар уәжі қандай?
Өскемен қалалық кірістер басқармасының басшысы Қазыбек Көшімовтың айтуынша, биыл олар Қазпоштаның көмегімен жұмысты жеңілдетеміз деп қиындатыпалған.
- Түбіртекке меншік иесінің ЖСН-ы емес, үй тұрғындарының бірінің мәліметтері енгізілуі заңға қайшы емес. Ондай жағдай орын алса демек мүлік екеуіне де ортақ. Салықты қайсысы төлесе де, салық органдары оны есепке алады. Сондықтан салық органдарына келіп, ұзын-сонар кезекте тұрудың қажеті жоқ, - дейді ол.
Қазіргі күні басқарма қызметкерлері түскі үзіліссіз, бір мезетте 20 терезеден қабылдаса да кезек азаяр емес.
Халықтың көпшілігі түбіртектегі жеке сәйкестендіру нөміріне қатысты сауал қойса, біразы төлем сомасын білу үшін келеді екен. Басқарма басшысы төлем соммасын білу үшін де салық органдарының есігін күзетудің қажеті жоқ екендігін айтады. 19 қыркүйектен бастап қазақстандықтарға мүлік және жер салығы бойынша берешек соммасы көрсетілген смс-хабарламалар жіберіле бастаған болатын.
Жіберілген SMS-хабарламада көрсетілген мүлік салығы мен жер салығының сомасына 2018 жылға есептелген салықтар мен 2019 жылғы 16 қыркүйектегі жағдай бойынша жеке тұлғалардың шоттарында қалыптасқан берешек және артық төлемдер сомалары қосылған. Ал хабарлама келмеген жағдайда салықты egov.kz. порталына кіріп, онлайн тексеріп, төлеуге болады. Сондай-ақ басқарма басшысы мерзімінен кешікітіріліп төленген салыққа айыппұл салынбайтындығын,тек үстемақы жүретіндігін атап өтті.