ШҚО-да әскери қызметкерлер Президент Жолдауымен танысты
Өскемен қаласының ақпараттық-түсіндірме тобы ҚР Қорғаныс министрлігің «27943 әскери бөлімі» ММ әскери қызметкерлерімен 2019 жылдың 2-қыркүйегінде жарияланған Президент Жолдауын түсіндіру бойынша арнайы кездесу өткізді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Кездесу барысында Өскемен қалалық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы, ҚР мәдениет қайраткері Сағынбек Ақанов, әскери-патриоттық комиссияның төрағасы, С. Аманжолов атындағы ШҚМУ профессоры, ШҚО-ның құрметті азаматы Ленста Әубәкірова, запастағы ҰҚК полковнигі, лектор Сейітқамза Булембаев жолдау аясында дәріс оқыды.
Топ мүшелері әскери бөлімнің жеке құрамымен «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты тақырыпта әңгіме өрбітіп, мемлекет басшысы жариялаған бағдарламаның негізгі қағидалары мен басымдылықтарын атады.
Айта кетсек, өз сөзінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында Үкіметке азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерінің еңбекақысын Ішкі істер органдарын реформалау үшін берілетін қаражат есебінен көбейтуді және осы мақсатқа сәйкес шамамен 40 миллиард теңге бөлуді тапсырған еді.
- Біздің алдымызда жаңа тұжырымдама негізінде тегеурінді әскер қалыптастыру міндеті тұр. Арыста болған оқиғалар Қарулы Күштерде түйткілді мәселелер қордаланып қалғанын көрсетті. Әскерге жұмсалатын шығыстарды реттеп, осы саладағы қаржы жүйесін және жалпы тәртіпті нығайтатын кез келді.Сонымен бірге әскери қызметтің беделін арттырып, Қарулы Күштердің материалдық базасын нығайту қажет. Отанына адал, кәсіби тұрғыдан дайындалған офицерлері мен әскери қызметшілері бар армиямыз жаңа геосаяси жағдайларда ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қатерлерге тойтарыс беруге дайын болуы керек, - деп көрсетілген Президент Жолдауында.
Кездесуде Жолдауда көрсетілген басым бағыттарды жүзеге асыру бойынша әскери бөлімнің қызметкерлері тарапынан қойылған сауалдарға заң аясында тиісті мәліметтер мен жауаптар берілді.
Іс-шара соңында бригада командирінің міндетін уақытша атқарушы, подполковник Дәурен Еспердинов ақпараттық-түсіндірме тобына алғысын білдірді.
27943 әскери бөлімінің идеологиялық жұмыстар, арнайы насихат және мемлекеттік – құқықтық дайындық бойынша аға офицері, капитан Нұржан Малғаждаров:
- Жергілікті билік органдары, соның ішінде Өскемен қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауын жеке құрамға насихаттап, жеткізу мақсатында осындай іс-шара өткізіп отыр. Тек Жолдаудың негізгі қағидаттары ғана емес, әскери-патриоттық бағытта да әңгіме өрбіді. Арнайы насихат тобының мүшелері жеке құрамға оқыған дәрістері үшін әскери бөлім командирінің алғыс хатымен марапатталды.