"Аз дегенде 7 жыл" – Өскеменде жалға жер беріледі
Өскеменде сауда дүңгіршектерін ашу үшін жерді 7 жылға жалға алуға болады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі. Бұл туралы облыс әкімінің қатысуымен өткен кеңейтілген аппарат отырысында айтылды.
Жиында заңсыз орнатылған сауда дүңгіршектері мен жарнамалық билбордтарды алып тастауға қатысты Өскемен әкімі Жақсылық Омар баяндама жасаған. Оның айтуынша, облыс орталығында соңғы үш жылда 313 дүңгіршек пен 172 жарнамалық билборд ешандай рұқсатсыз қойылған екен. Биылғы жылға тоқталар болсақ, 72 дүңгіршек пен 27 жарнама билборды алынып тасталыпты.
– Жол қауіпсіздігіне қайшы келетін шектен тыс ауқымды билбордтар мен заңсыз орнатылған дүңгіршектер алынуға тиіс. Ал енді қойылатын дүңгіршектер заман талабына сай, билбордтар актуалды, көрнекі болғаны жөн. Оларды неге Нұр-Сұлтан мен Алматыдағыдай әдемі қылып орнатпасқа?! Сондай-ақ сауда дүңгіршегін ашып, кәсіп бастағысы келетін жандарға жерді аз дегенде 7 жылға жалға беру керек, – деп тапсырды облыс әкімі Даниал Ахметов Өскемен және аймақтағы үлкенді-кішілі барлық қаланың басшыларына.