"D категориясын алу қиындап кетті" – Өскеменде автобус жүргізуішілері жетіспей жатыр
Өскеменде автобус жүргізуішілері жетіспей жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Жүргізушілеріміздің барлығы дерлік зейнет жасына таяп қалды. Бірақ олардың орынын басатын ешкімді таппай отырмыз, – деді жолаушы тасымалын ұйымдастыру орталығы директорының орынбасары Ольга Графкина.
Айтуынша, автобус тізгіндеуге жастардың келмеу себебі D категориясын алудың қиындап кеткендігінде жатыр.
– Автобус жүргіземін дегендерге алдымен D1 категориясын алып, үш жыл шағын автобус рөліне отыру керек. Содан кейін қайтадан оқу оқып, емтихан тапсырып D-ға жетпек. Алайда бір оқыған оқуын екінші қайтара ешкім де оқығысы келмейді. Сол шағын автобустарын тізгіндеп жүре береді. Болды. Бар мәселе осында, – деп түсіндірді Ольга Графкина.
Бұл мәселе қалай шешілетінін әзірге ешкім айта алмай отыр. Бәзбір тасымалдаушылар басқа өңірлердің жүргізушілерін жұмысқа тартқан көрінеді. Алайда онымен мәселенің шешілер түрі жоқ. Қала тұрғындары әсіресе №10, 32, 38, 27, 26-нөмірлі автобустарды сағаттап тосатынын айтып шағымдануда.
– Автобустардың аралық жиілігінің алшақтауы - жүргізушілердің жетіспеушілігінен. Біздің көліктер дайын, тек рөліне отыратын адам жоқ, – деді "Марат-М" тасымалдаушы компаниясының диспетчері Қымбат Базылова.