KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 1,4 м/с, СБ
481.84 531.33 5.07

Шетелге шықсаңыз, «туркодыңызды» тексеріңіз

26.08.2019, 10:10 211

Туроператорлардың кесiрiнен шетелге саяхатқа шыққан қазақстандық туристер арасында ақшасы төленбеген орындарға тап болу, кері қайтатын билетсіз қалу сияқты келеңсіз жағдайлар жиі болып жатады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін осыдан үш жыл бұрын елімізде шетелге шығатын туристердің құқығын қорғау және кепілдендіру жүйесі енгізілген болатын.

Шетелде қазақстандық туристердің құқығын кепілдендіру және қорғау мақсатында құрылған «Туристік қамқор» қорының өкілдері жуықта облыстың туроператорларымен кездесіп, кепілдендіру шарттарымен таныстырды.

«Туристiк қамқор» қорының директоры Асылхан Есiловтің айтуынша, 2014-2015 жылдары жауапсыз туристік нарық өкілдерінің кесірінен шетелге саяхаттап шыққан ел азаматтарының барған жерінде орналасатын орны болмай, болса да, ақысы төленбей, сондай-ақ кері қайтатын билеттері болмай қалған жағдайлар көп кездескен.

Енді осындай жағдайлар орын алатын болса, «Туристік қамқор» корпоративтік қоры сырттағы қазақстандықтарды елге қайтаруға әрекет ететін болады.

– Ел Үкіметі отандық туроператорлар өздеріне жүктелген міндеттерін дұрыс орындамаған жағдайда қазақстандық туристерді елге қайтару мәселесін реттейтін, яғни азаматтарды уақытша қалып қойған елден Қазақстан аумағына алып келуді қамтамасыз ететін екі қаулы қабылдады. Қазақстандық туристерді елге қайтару үшін арнайы есепшот ашылады. Ол есепшот туристік агенттік немесе әуе кемесін жалдаушы туроператор сатылатын әрбір туристік өнімнен аударылған 0,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінен құралады, – деп атап өтті А.Есілов.

Сондай-ақ қор директорының айтуынша, әр азамат шетелге турист ретінде шықпас бұрын өзінің туркоды бар-жоғына көз жеткізіп алғаны жөн. Ал барған елде тосын жағдай бола қалса, арнайы сенім телефонына хабарласып, турагенттіктен қажетті нұсқау ала алады. Жоғарыдағы туроператор аударған жарна туристің шетелде қалып қоймауына кепілдік береді. Айта кеткен жөн, шетелге өз қалауымен туроператорсыз шығатындарға бұл заңнамалық өзгерістің қатысы жоқ.

Ал «туркод» деген не?

– «Туристік код» шығатын елге байланысты 11-13 қаріптік-сандық символдан тұрады. Ол әр жолдаманы ресімдеген кезде автоматты түрде беріледі. Туркод агенттің электронды поштасына жіберіледі. Ол қор турларының электронды тізілімінде сақталады. Турист күтпеген жағдайға тап болған кезде қормен байланысып, өзінің туркодының нөмірін хабарлап, шұғыл көмек күтеді. Туркод жеке парақ түрiнде немесе жолдамаға жазылып берілуі мүмкін, – деп нақтылады Асылхан Есiлов.
Айта кетейік, «Туристiк қамқор» қорына кiру үшiн қазақстандық туроператорларға қыруар қаржы төлеу керек болғандықтан, көптеген шағын туроператорларға бұл тиімсіз. Кездесуде облыстағы туристік нарықтың өкілдері осы мәселені көтерді.

– Көптеген туристер ұшақ билетін чартерлік рейстерге емес, тұрақты ұшатын әуе рейстеріне алады. Біздерге тек қонақүй мен трансфер үшін жүгінеді. Ал билетті кесте бойынша үнемі ұшатын әуе рейсіне сатып алғандықтан, оның шетелде қалып қоюы мүмкін емес. Облыстағы туроператорларға банкке жарна ретінде аударылатын кепілдендіру сомасы өте көп. Мүмкіндік болса, өңірлер үшін оның көлемін азайту мәселесін қарастырса, өйткені біз де заң аясында жұмыс істегіміз келеді, – деп атап өтті «Премьертур» фирмасының басшысы Валерия Топольняк.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив