ШҚО-да балабақшадағы балалар робот құрастырады
Курчатов қаласындағы «Журавушка» балабақшасында роботты техника үйірмесі ашылды. Онда бүлдіршіндер жаңа технологиялардың қыр-сырын меңгереді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл кабинетті жабдықтауға төрт миллион теңге жұмсалды. Оған жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Сондай-ақ қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды.
Осылайша, курчатовтық балақайлар биылғы оқу жылында конструктор жинауды меңгеріп, түрлі-түсті гаммамен танысып, сызбамен жұмыс істеуді үйренеді.
– Кабинетте бүлдіршіндердің логикалық ойлау қабілетін дамыту үшін барлық жағдай жасалған, - дейді балабақша директорының міндетін атқарушы Ольга Ильина.
Бүгінде аталмыш үйірмені жүргізетін барлық қызметкер арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, білімдерін шыңдап қайтыпты. Мұндағы басты мақсат – бүлдіршіндерге саналы тәрбие беріп, сапалы білім нәрімен сусындату.
– Мұндай үйірме әзірше, облыс бойынша біздің қалада ғана ашылды, - дейді Ольга Ильина.