Әлемнің түкпір-түкпірінен келген 11 блогер ШҚО-ны аралап қайтты
«Hi, bro!»
Hi, bro! Америкалық, италиялық және филиппиндік жастар бізді осылай деп қарсы алды. Табалдырықтан аттағанымыз осы болатын. «Сәлем – сөздің анасы» деген нақылды бұл жұрт та жақсы білсе керек. Қонақтарға деген ілтипатпен біз де хелоулап, амандық сұрастық. Иә, біз Өскемендеміз. Өзге елдің жастары Шығыстың бас шаһарына саяхаттап келген еді.
Болг-турды білесіз бе?
Шетелдік жастардың саяхаттап жүргені рас. Бірақ олардың жұмысы да осы. Қандай жұмыс дейсіз бе? Естуіңіз бар шығар, блогерлер. Блогерлер бұрынғының жиһанкезіндей жалғанды жалпағынан басып, көрген-білгенін қас-қағым сәтте әлемге әйгілеп отырады. Сондықтан да бұл мамандар әлеуметтік желімен әуелден дос болып, ютубпен ұйыған одақ құрған. Бұл блогер жұмысының бір қыры ғана, әрине. Жаңашылдыққа ұмтылған жастар бұл жолы біздің елімізге ат басын бұрған екен. Ұлыбритания, АҚШ, Аустралия, Таиланд, Ресей, Индия, Грекия, Канада, Оңтүстік Корея, Түркия, Филиппин және Канада елдерінен жалпы саны 35 блогер келген. Қазақ жерінде бас қосқаннан кейін, топ-топ болып Ұлы Даланың түкпір-түкпіріне саяхаттауға аттанған. «Open Kazakhstan» деп ұрандаған он бір қатысушы Шығыстың шырайлы өлкесін аралап, қайталанбас әсер алғандарын жеткізді.
Шетелдік жастар Қазақстанда велоспорт арқылы таныды ма?
«Біз мұнда келмес бұрын Қазақстан туралы жан-жақты мәлімет жинадық. Бұған дейін «Astana Time» велокомандасы туралы білетінбіз. Себебі онда біздің отандасымыз Винченцо Нибали өнер көрсетті. Сондай-ақ Астана қаласы туралы да естігеніз бар. Тұтастай алғанда, біз өзіміз үшін мүлдем бейтаныс, жаңа елге келдік деуге болады. Сондықтан да болар, алған әсерімізді айтып жеткізу оңай емес. Шығыс Қазақстанның табиғаты әсіресе тамсандырды бізді», – дейді Италиядан келген блогер Симоне Мондино.
«Интернетсіз өмір сүрудің өзі бақыт...»
«Катонқарағайға саяхатымыз естен кетпес оқиға болды. Ондағы табиғаттың шынымен де табиғи күйінде сақталғанын көрдік. Қазіргі уақытта бұл көп кездеспейтін ғажайып дүние. Шығыс Қазақстанның туризм ошағына айналуға әлеуеті мол. Біз саяхат жасаған жерлерде көбіне интернет байланыс болған жоқ. Сол себепті тау-тасты, ну орманды аралап, алаңсыз материал жинадық. Соңғы төрт-бес айда әлеуметтік желіге кірмей бірнеше күн өмір сүргеніміз осы шығар. Сондай бақытты күй кештік, керемет әсер алдық, – дейді Америка Құрама штаттарынан келген Джими Хасс, Хэйли Дасович есімді блогерлер.
Шетелдік блогерлердің Шығыста фанаттары баршылық болып шықты. Олардың ішінде бала-шаға да, ересектер де бар. Жапа-тармағай келіп, суретке түсіп жатты. Енді олар Шығыстан шаттанып, шабыттанып қайтқан сүйікті блогерлерінің туындыларын тағатсыз тосады.