ШҚО әкімі ғасыр жасаған көпбалалы ананы құттықтады
Өскемен қаласында тұратын тыл ардагері Гүлжазира Нұрсапарқызы ғасыр жасаған көп балалы ана. Ақ жаулықты қарт ананы жүзге толған туған күнінде аймақ басшысы Даниал Ахметов арнайы үйіне барып мерейлі мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды Алтайньюс сайтының тілшісі.
Қос ғасырдың куәгері Гүлжазира Нұрсапарқызы Әлімбаева 1919 жылы 15 тамызда Катонқарағай ауданындағы Шәкенбұлақ деген жерде дүниеге келген. Өмірлік серігі, соғыс ардагері, екінші, үшінші дәрежелі Даңқ орденінің иегері, марқұм Мамырбек ақсақалмен бірге өмірдегі бақытын адал еңбек пен өнегелі ұрпақтан тапқан жандар болды. Сегіз баланы өмірге әкеліп, солармен бірге туыстарының бес баласын да өсіріп, жеткізді. Бүгінде балаларынан өрбіген он немересі мен он шөбересі кейуананың баға жетпес қазынасы болып отыр.
– Елбасымыз «Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды» деген. Ана – адамзаттың қайнар көзі, ал көпбалалы ана – ұлттың құндылығы мен берекесі, ұлттық тәрбиенің, даңқты дәстүрінің бастауы. Өскелең ұрпақтың өзіңізден алар мұрасы мол. Өткен ғасырдың басындағы қуғын-сүргін кезеңінде отбасыңызға түскен қиындыққа қарамастан, 15 жасыңызда әкесіз қалып, қиындыққа мойымай, асыл анаңыз бен бауырларыңызға қамқор бола білдіңіз. Сізге зор денсаулық, мол бақыт, әулетіңізге береке-бірлік тілеймін, – деді құттықтау барысында ізгі тілегін білдірген өңір басшысы Даниал Ахметов.
Ғасыр жасаған әжейдің әкесі Нұрсапар Ділдайымұлы «халық жауы» деп қамалады. Содан қайтып оралмай, Семейде Ертіс бойымен ағаш ағызып жүріп қайтыс болады. Ол аздай қолдағы малы мен баспанасы тәркіленеді. Содан соң нағашы ағасы мұның анасы мен сіңлісін, екі бауырын алып, Қытайға өтпекке бет алады. Ал өзі сол кезде Еңбек ауылындағы орман өндірістік шаруашылығында жұмыс істейтін Мамырбек Әлімбаев дейтін азаматқа тұрмысқа шығады. Нағашы ағасы шекараға жеткен соң туыстарын қалдырып, ауылда қалған малды айдап алып келуге қайта кетеді. Бірақ қайтып оралмайды, себебі оны да ұстап алады. Бұл хабарды естіген 15 жасар Гүлжазира Марқакөлді жанай өтіп, Бұрхат асуы арқылы 160 шақырымды жаяу артқа тастап, анасы мен сіңлісін және бауырларын тауып, асудағы белуардан асқан қарды омбылай отырып, оларды ауылға алып келеді.
– Анам бір үзім нан тапса да деп інілерін алыс туған-туыстарына жалдамалы малшы етіп қалдырады. Сіңлісі Нұрғызарды да өзінің туыстарына береді. Ал өз анасын туысқан шалға әйелдікке береді. Ең кіші інісі Қалиакперді бауырына басып, өз қолына алды. Мұның бәрі де қиын кезеңде олар аштан қатпасын деген қамқорлығы еді. Әкем екеуі біраз уақыттан соң барлық бауырларын өздері қолына алып, барлығын өсіріп, жеткізді. 1941 жылы әкем соғысқа аттанды да, анам бес жыл оның орнында жұмыс істеді. Өмірден қаншалықты қиындық көрсе де, анам өте ақ көңіл, әр нәрседен жақсылық көретін адам. Суырып-салма ақындығы да бар. Жас кезінде айтыстардың бәрінде жеңімпаз атаныпты. Тек соңғы жарты жылда ғана денсаулығы сыр беріп қалды, әйтпесе бүгін де бір шумақ өлеңін шығарып тастаушы еді, – дейді абзал ананың ұлы Орынбек Әлімбаев.
Еліміздің ғасырға жуық даму тарихының шынайы куәгері Гүлжазира Нұрсапарқызының өмір дастаны бүгінгі жастарға үлгі-өнеге екенін, қашан да сабақтастық тауып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы керектігін атаған облыс әкімі Даниал Ахметов әжей туралы кітап жазу да артық болмайтынын атап өтті.