ШҚО-да Қазақстан құрылысшылары одағының өңірлік бөлімшесі құрылады
Бүгін "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының ШҚО филиалында облыстағы құрылыс саласында еңбек етіп жүрген компания өкілдері бас қосып, Қазақстан құрылысшылары одағының өңірлік бөлімшесін құру жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
- Құрылыс саласының мықты болуын қалаймыз. Сіздерден қандайда бір жарна жинап немесе басқа да қосымша жүк салу ойымыз жоқ. Бүгінгі таңда сіздер өз істеріңізбен ел бюджетінің 20 пайызын қалыптастырып отырсыздар. Сондықтан сіздер жай ғана жұмысшы емес, сіздер өздеріңізді инвестор ретінде сезінулеріңіз керек, - дейді "Қазақстан құрылысшылар одағы" республикалық заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Талғат Ерғалиев.
Жауапты тұлғаның айтуынша, мұндай семинарлар еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастырылып жатқан көрінеді. Кеңес барысында құрылыс компаниялардың өкілдері мемлекеттік стандарт, сертификаттау, шағын және орта бизнестің анықтамасы, заңнамалық актілердің олқылығы сияқты мәселелер талқыланды.