Семей қаласының әкімі жөндеу жұмыстарын сынға алды
Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында Мичурин көшесіне байланысты бірқатар мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Солардың бірі – көше бойына отырғызылған ағаштардың қурап қалуы. Осы мақсатта қала әкімі аталмыш көшенің қазіргі тынысымен танысты. Бүгінде 560 ағаш отырғызылып, оның 65-і белгілі бір себептермен қурап қалған.
Мамандардың айтуынша, ол уақтылы суғарылмағандықтан емес, белгісіз аурудың пайда болғанын екен. Қала әкімі тез арада аурудың себебін анықтап, қыркүйек айында жаңа көшеттерді отырғызуды міндеттеді. Бұл көше бойынша қойылатын тағы бір сауал – жолдың толық жөнделуі мен жарықтандырылуы.
Семей ақпараттық орталығының мәліметінше, қала басшысы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компаниямен де кездескен. Аталған жоба осы жылдың шілде айының аяғында аяқталуы керек болатын. Алайда жаңбыр суынан жол жиегіндегі тротуарлар бастапқы қалпын сақтамай, үгітіліп жатыр. Ермак Бидахметұлы бұл мәселені сынға алды. Қосымша 10 күн уақыт беріп, осы аралықта толық жөндеу жұмысын аяқтауды қатаң түрде ескертті.
- Әлеуметтік желі арқылы осы көше бойынша көптеген сұрақтар шығып отыр, халық маған өтініштерін жолдауда. Жол жиегіндегі тротуарлар, көшеттерді отырғызу жұмыстары, жарықтандыру мәселесі қайта қаралуы тиіс. Жұмыс барысын назарға алып, қатаң бақылауда ұстаймын. Бізге бос сөз емес, сапалы жұмыстың аяқталғаны керек,- деді шаһар басшысы.
Семей ақпараттық орталығының мамандары хабарлағандай, жұмыс барысында қала әкімі Ермак Сәлімов көше бойында орналасқан дүкеннің сыртқы және ішкі жөндеу жұмыстарына байланысты ескерту жасады.
- Бұл жол арқылы Ресейден жолаушылар көп қатынайды. Ал мына дүкеннің сыртқы және ішкі көрінісі өте нашар. Сол себепті, күрделі әрі дереу жөндеу жұмысын жүргізу үшін дүкен қожайынына ескерту жасалды. Ескерту ескерусіз қалған жағдайда айыппұл салынатын болады, - деді Ермак Сәлімов.