KZ
Өскемен
-14°
пасмурно Штиль
498.34 519.72 4.85

"Асылып қалды": Өскеменде сыған әйелдердің қарғысынан алты дәрігер ажал құшқан

17.07.2019, 11:25 345

Өскемен қаласындағы ауруханалардың бірінде жұмыс істеген медбике көзімен көрген мистикалық оқиғаны баяндап берді. Оның айтуынша, осыдан бес жыл бұрын емханаға сығандардың жасы келген бароны түсіп, қайтыс болады. Марқұмның туыстары өлімге аурухана дәрігерлерін кінәлап, оларды қарғап кеткен. Осы оқиғадан кейін аурухана қызметкерлері шетінен ажал құша бастаған, деп жазады NUR.KZ сайты.

Бұл мистикалық оқиға "Алаш айнасы" басылымында жарияланған екен.

"Облыстағы ауруханада біраз жыл жұмыс істедім. Осыдан бес жыл бұрын бүкіл жұрттың есінде қалған жантүршігерлік оқиға болған еді.

Бір күні ауруханаға қатты ауырып, сығанның бароны түсті. Өкінішке қарай, жасы келіп қалған баронды дәрігерлер аман алып қала алмады. Барон қайтыс болды. Қайтыс болғанын естіген баронның туыстары ауруханаға келіп, дәрігерлерді кінәлай бастады.

Біраз уақыттан соң сығанның үш әйелі шаштарын жайып жіберіп, қолдарын аспанға созып өз тілдерінде бірдемелер оқып, су шашып, аурухананы айналып жүріп алды.

Басында мән бермесек те, адам емеспіз бе, сыртқа шығып көрдік. Әйелдердің бұл қылықтарына таң қалған күзетте тұрған жігіттер оларды қуа бастады. Осылайша ол оқиға ұмыт болды", - деп әңгімесін бастады медбике.

Ал арада бір айға жуық уақыт өткенде барон түскен хирургия бөлімінде оқуды жаңа аяқтап келіп, үш ай ғана жұмыс істеп үлгерген жас хирург еш себепсіз асылып қалады.

"Екі аптадан соң сол бөлімдегі травмотолог жігіт те жіптен қайтыс болды. Өзінің өмірін қиятындай ол жігітте еш себеп жоқ сияқты. Қызметте елдің алдында, ұйып отырған отбасы бар, жағдайы жақсы азамат еді. Ешқашан өмірден түңіліп, көңілсіз жүргенін көрген емеспіз. Ол біздің есімізде тек ақ көңіл, мықты маман, сыйлы отағасы ретінде қалып қойды. Ол жігітті де бүкіл ұжым болып о дүниеге шығарып салдық. Түнгі кезекте дастархан жайылып әріптесіміздің жақсы істерін айтып еске алып отырдық. Түнгі сағат бірлер шамасы. Сол отырыста өте мықты дәрігер аяқ астынан жүрегі тоқтап қайтыс болды. Тілге де келіп үлгермеді. Қаншама дәрігерлер қасында отырса да, аман алып қала алмады", - деді ақ халатты әйел.

Үш адамның тұтқиылдан келген ажалы бөлімше қызметкерлерін есеңгіретіп тастаған.

"Осылай күндер өтіп жатты. Ес жия бастаған уақытта жасы қырыққа жақындаған білімді де білікті хирург жігіт өмірден өтті. Ол жігіттің де жүрегі тоқтап қалыпты. Өмірі "ауырдым" деп қыңқ етпеген азамат бір-ақ күнде өмірімен қош айтысты. Артында ұлы мен қызы қалды. Қайғылы оқиға бұнымен де тоқтамады. Жасы алпыстарға келген бірінші санатты орыс хирург те қайтыс болды. Негізінен ол кісінің жүрек талмасы бар еді. Үнемі дәрі-дәрмек қабылдап, күтініп жүретін. Бұл оқиға осы хирургия бөлімінің ұжымын одан сайын есеңгіретіп жіберді. Талай жас дәрігер тәрбиелеп, мыңдаған адамды ажалдан алып қалған ағайымызбен де қимай қоштастық", - деген медбике осы адам өлімінен кейін ұжымдастарының ойлана бастағанын айтады.

Бірінен соң бірі себепсіз көз жұмған мамандардың жұмбақ өлімінен соң дәрігерлер арасында күдік пен қорқыныш үдей бастады. Кейде тіпті әзілдеп, "келесі кезек менікі болар" деген сөздер де айтылып жатты.

Дәрігерлердің ажалы мұнымен тоқтамады. Ұжымда жасы 38-дегі орыс хирург жігіттен обыр ауруын тауыпты. Ол дәрігер де араға көп уақыт салмай көз жұмды.

Осыдан кейін әріптестер арасында: "Осындай ауыр қайғы барон өлгеннен соң басталды. Сол жамандық үш сыған әйелінен келді" деген жорамалдар пайда болды. Шынымен де ойлана бастағандаймыз. Көбі орыстанып кеткен халық ондайға сене бермейтін. Сап-сау жүріп бір күнде ажал құшқан азаматтар өлімі сендірмей қоймады", - деп аурухана маманы әңгімесін жалғастырды.

Медбикенің айтуынша, алты адамның ажалынан соң бөлімше қызметкерлері қарғыс туралы мәлімет іздестірген. Тіпті, мешіт пен шіркеуге барып кеңес алып, қарғысты тоқтату жоралғыларын жасаған. Орыстар шіркеуден поп, қазақтар мешіттен молда әкеліп құрбандық шалып, құран оқытып, дұға тілейді. Осыдан кейін жамандық тиылғандай болады.

"Екі айдан соң жасы үлкендеу анастезиолог дәрігер ағаның аяқ астынан қолын қотыр басып кетті. Қабылдамаған емі бармаған жері қалмаған хирург "келесі кезек менікі шығар" деп үнемі көңілсіз болып жүрді. Бірақ, бір күні таңғажайып оқиға болып, аяқ астынан оның қотырлары өзінен-өзі жазылып, орнында тек тыртық қалады. Бір айдан соң тыртықтың ізі де қалмады. Сонымен, алты азаматтың өмірін алып, бір азаматтың қолына жара шыққан жаман оқиға осымен тоқталды. Бірақ ондай мықты дәрігерлер ортамызда енді жоқ. Өкініштісі сол. "Әттеген-ай, осының бәрін ерте ойластырып, қан шығарып құрбандық шалып, дұға жасағанда осы қайғылы оқиғалар болмас па еді" деп ұжымдастарым өкінішпен айтып жүрді.

Кейде мүмкін ол қарғыс емес жай ғана сәйкестік пе деп ойлаймын. Бірақ сап-сау жүрген азаматтардың бірінен соң бірі көз жұмғанын ойласам, қарғыс емей немене деп қаламын. Сиқырдың сырын меңгерген сығандар қарғысының салдары өте ауыр екеніне көзім жеткендей", - деп медбике әңгімесін аяқтады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу