KZ
Өскемен
-9°
переменная облачность жел 2 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Аралас жекпе-жек жауынгері

Бүгін, 14:15 39 Гульжан Мусина

Аралас жекпе-жек спортынан самарлық спортшы Бақжанар Нұрланбекұлы жақсы жетістіктерге жетіп, аудан мақтанышына айналды, деп хабаралайды Altainews.kz тілшісі.

Ел арасында ережесіз жекпе-жекті кәсіби спорт мамандары «аралас жекпе-жек» деп атайды. Бұл жекпе-жек өнері жылдан-жылға жаңа леп алып, дамып келе жатыр. Жаужүрек жастардың арасында жекпе-жектің осы түрімен айналысушылардың саны күн санап артып келеді.  Шығыс Қазақстан облысы, Көкжыра ауылынан шыққан спортшы Бақжанар Нұрланбекұлы да осы жолды таңдады. Ол жуырда ғана Астанада өткен Free Fighting еркін жекпе-жек әлем чемпионатында жеңіске жетіп, спорт шеберне үміткер атанды.

Спортқа бала кезінен қызыққан балуанның алдынан бүгінде үлкен спортқа жол бастайтын есіктер айқара ашылды.

– Бала кезден жекпе-жек спорт түріне қызықтым. Мектепте еркін күреспен айналыстым, бұл маған аралас жекпе-жекте көмегін тигізді. Ал спортты таңдаудағы басты себебім – көшедегі төбелестерден гөрі, бойымдағы тулаған уүш-қуатты спортта сынаған дұрыс деген ой келді,– дейді балуан.  

Бақжанар әлі студент. Ол қазір Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 4-курсында оқиды Ол дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алып, өзін кәсіби спорт жолында дамытуда.

– Алғашқы жаттықтырушым – Талғат Нұрланұлы ағамыз. Ол бала кезімде жарыстарға апарып, тәжірибе берді. Қазір мені дайындайтын бапкерім – Естай Нұрланұлы. Сонымен қатар, Батыр клубының қолдаушыларының еңбегі зор. Бұл спорт олимпиадалық болмағандықтан, мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Жарыстарға қолдау көрсететін ағаларымызға алғысым шексіз, – деп қосты Бақжанар Нұрланбекұлы.

Ережесіз жекпе-жекті көп адамдар қатыгездіктің, жауыздың бір түрі ретінде қабылдайды. Бірақ Бақжанар кез келген спорт дұрыс мақсатта қолданылмаса қауіпті деген пікірде. 

– Меніңше, жекпе-жектің бұл түрі ер-азаматты тәрбиелейді. Ата-бабаларымыз жерімізді білектің күшімен қорғаған. Сондықтан жауынгерлік рух әрбір қазақтың қанында бар деп ойлаймын. Әрине, спортты дұрыс мақсатта қолдану маңызды, – деп атап өтті балуан.

Кез келген спортшының басты мақсаты – жоғары нәтижелерге қол жеткізу. Бақжанардың алдында да әлі талай асулар тұр. Алдағы уаықтта ол ARB және Octagon лигаларында белбеуге таласуды жоспарлап отыр. 

– Дайындықтарымды бастап кеттім. Салмақ қуу мен жарақаттар – спорттағы басты қиындықтар. Жарыс алдында 10 килограмға дейін салмақ тастауға тура келеді. Кейбір спортшылар осы қиындықтан шыдай алмай жатады. Бірақ жарыста жеңіске жету – залда қаншалықты тер төккеніңе байланысты. Ал жарақаттарға келсек, кішігірім жарақаттар алғаныммен, ауыр жарақаттардан аманмын, – деді Бақжанар.

Бақжанардың алдағы жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, еліміздің атын шығарып, көк туымызды әлемдік додаларда желбіреткісі келеді. Табанды еңбегі мен қайсарлығы оны жеңістен жеңіске жетелей берсін деп тілейміз.

Ақерке Рағызбаева

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу