Өңір басшысы халық алдында есеп берді
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Өскемен қаласында өткен көшпелі баспасөз брифингінде аймақ басшысы Ермек Көшербаевтың қатысуымен брифинг өтті. «Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы» атты тақырыпта өткен брифингте облыс әкімі Шығыс Қазақстанда атқарылып жатқан шаруаларға тоқталып, тікелей эфирде еліміздің жетекші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап берді, деп хабаралайды Altainews.kz тілшісі.
Аймақ басшысының баяндамасын онлайн режимде барлық аудан мен қалалардың тұрғындары көре алды. Ермек Беделбайұлы биылғы жылды қорытындылап, межеге алынған міндеттер легімен бөлісті. Тілшілер тарапынан түскен сұрақтарға жауап берді.
Айта кету керек, Шығыс Қазақстан халқы Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асып жатқанын бірқатар маңызды шешімдерден көріп отыр.
Үлкен Нарын, Катонқарағай және Марқакөл аудандары қайта құрылып, тарихи әділдік орнады. Реформалардың оң нәтижелеріне үш жыл бұрын қайта түлеген Тарбағатай мен Самар аудандарының тұрғындары да куә болды. Президент Катонқарағай мен Зайсан аудандарында әуежай салу туралы шешімін жариялағанда өңір халқы бұл мемлекеттің шекарада жатқан шалғай аудандарды дамыту үшін жасаған тағы бір маңызды қадам екенін сезді. Брифинг барысында Ермек Көшербаев ауыл шаруашылығы Шығыс Қазақстан экономикасының күретамыры екенін ата өтті.
Облыс әкімі баяндамасында атап көрсеткендей, Ұлан мен Зайсан аудандарында суды үнемдейтін агротехнологиялар бойынша ірі жобалар жүзеге асуда. «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының» қатысуымен «ERTIS BEREKE OSKEMEN» компаниясы бірлескен кәсіпорын құрып, «Su Bereke» брендімен отандық жаңбырлатып суару қондырғысын өндіруге кіріскен. Жобаға жергілікті бюджеттен 1,6 млрд. теңге бөлінді.
Өскеменде жылына 50 мың тонна шикізат өндіретін «Алтай май» май экстракциялау зауытының құрылысы аяқталады. Құны 17.3 млрд теңге. Бюджеттен 2.5 млрд, инвестор 14.8 млрд теңге бөліп отыр. Бұл зауыт өңделген өнімнің көлемін 595 мың тоннадан 700 мың тоннаға дейін өсіруге мүмкіндік береді. Өсімдік майының экспорты бір жарым есеге ұлғаяды.
Шығыс Қазақстанда 80 мың жеке қосалқы шаруашылық бар. Облыс жылына 20 мың тонна сүт және 33 мың тонна ет өндіреді. 32 мың тонна сүт 14 мың тонна ет өнімін тұтынады.
Биыл Шемонаиха, Ұлан және Алтай аудандарында өнімділігі жылына 40 мың тонна сүт шығаратын алты ірі сүт-тауар фермасын іске қосылады.
Агроөндірістік кешеннің, соның ішінде ет өнімдерін экспортқа шығарудағы кедергілерді еңсеру үшін бірыңғай көпсалалы лаборатория ашқалы отырмыз. Өнімді экспорттайтын негізгі ел – Қытай. «Республикалық ветеринарлық лабораторияның» облыстық филиалының негізінде ашылатын мекеме халықаралық стандарттарға сай акредитациялау жүйесінде тіркеліп, алыс-беріс операцияларын жүргізуге рұқсатнама құжаттарын беретін болады.
Ветеринарлық жағдай еліміз үшін өте маңызды. Сондықтан келесі жылы 3 миллиард теңгеге материалдық базаны күшейту жоспарланған. Бұл сала біздің ерекше бақылауымызда, – деді Ермек Көшербаев.
Риддерліктерліктердің көкейінде жүрген сауалға жауап берді
Риддер қаласындағы жылумен жабдықтаудың қазіргі жағдайы қалай? Проблемалардың қайталану қаупі бар ма және болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін нендей шаралар қолданылмақ? Осы және өзге де сауалдарға брифинг барысында облыс әкімі Ермек Көшербаев жауап берді.
Айта кетейік, бұл бағыттағы жұмыстарды қаржыландырудың жалпы көлемі 8,4 млрд теңгені құрады, оның едәуір бөлігін Үкімет бөлді. Сондай-ақ ұзындығы 19 км жылу желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді, бұл қыста қала жылумен байланысты күрделі проблемаларды болдырмайды деп үміттенуге негіз болады.
Жол сапасы жақсарады
Жыл сайын Шемонаиха, Риддер және Алтай аудандарына қатынайтын жол бағыттары бойынша туындайтын мәселелер бар. Соған байланысты қандай жұмыстар атқарылып жатқаны жөнінде Ермек Беделбайұлы кеңінен тарқатып айтып берді.
Ұзындығы 392 км орташа жөндеумен қамту Шығыс Қазақстан бойынша республикалық маңызы бар автожолдарда рекордтық көрсеткіш болып табылады. Аталған жобаларды іске асыру қорытындылары бойынша республикалық маңызы бар автожолдардың барлық қанағаттанарлықсыз учаскелері жақсы жағдайға көшірілмек.
Интернет мәселесі шешіледі
Облыс орталығынан шалғайда орналасқан елді мекендердегі интернетке қолжетімділік мәселесін шешу жұмыстары қолға алынуда. Осы мақсатта биыл 45 елді мекен интернетпен қамтамасыз етілген (9 елді мекенде «KazSat» геостационарлық спутниктерінің Wi-Fi қолжетімділік нүктелері орнатылып, іске қосылды, радиусы 50 м, жылдамдығы 10 МБИТ/с дейін). Бұл туралы брифинг барысында ШҚО әкімі Ермек Көшербаев мәлім етті.
Республикалық жол картасына сәйкес, 2027 жылдың соңына дейін Шығыс Қазақстан халқы интернетпен қамтамасыз етілуі керек. Алайда, өңірде 2 жыл ішінде интернетпен қамтуды аяқтау міндет етіп қойылған. Брифингке қатысқан аймақ басшысы осылай деді.
«344 мектептің тек 40-ы ғана әлсіз интернетпен қалды және 2025 жылы бұл мәселені шешеміз. 161 мектепте «Starlink» спутниктік интернет орнатылған. Ол жақта байланыс өте жақсы», – деді Ермек Беделбайұлы.
Қос ауданға үкіметтен қаржы бөлінді
Марқакөл және Катонқарағай аудандары қайта құрылғаннан кейін қандай жұмыстар жүргізілді? Бұл аудандарда әлеуметтік және экономикалық инфрақұрылымды жақсарту үшін қандай қадамдар жасалуда? Брифинг барысында осы және өзге де сауалдарға аймақ басшысы жауап берді.
Аудандардың мемлекеттік органдарын орналастыру үшін ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізуге ағымдағы жылы Үкімет резервінен 3,7 млрд теңге (Маркакөл – 1,7 млрд теңге, Катонқарағай – 2 млрд теңге) бөлінді.
Облыстық бюджеттен мемлекеттік және азаматтық қызметкерлерге жалақы төлеу және жаңадан құрылған аудандардың мемлекеттік мекемелерін ұстауға 2 млрд. теңге бөлінді.
Үш мыңнан астам тұрғынға үй беріледі
Биыл облыс бойынша 3 700 отбасы жеке тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы брифингте аймақ басшысы Ермек Беделбайұлы мәлім етті.
Тұрғын үй құрылысына жоспарланған инвестициялар көлемі – 133,3 млрд теңге, 105% өсіммен, оның ішінде 25,9 млрд. теңге – бюджеттік қаржыландыру.
Жыл қорытындысы бойынша бюджет есебінен кезекте тұрғандар үшін 1441 пәтер пайдалануға беріліп, сатып алынады. Оның ішінде 672 пәтер несиелік тұрғын үй, 769 пәтер халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй.
«Бір қабатты Шығыс» өңірлік жобасын іске асыру жалғасуда. Аталмыш бағдарлама аясында жеке инвесторлар 437 үйдің құрылысын жүргізуде. Тұрғын үйлер халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін баспана ретінде сатып алынады.
Бүгінде облыс бойынша отбасының сандық картасында 271 815 отбасы тіркелген. Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 25 129 жұмыс орны құрылды.
Ағымдағы жылы атаулы әлеуметтік көмек 8 278 алушыға (1 738 отбасына) тағайындалды, халықты әлеуметтік қолдау жөніндегі белсенді шаралардың арқасында аталған контингент 3,5 мың адамға немесе өткен жылмен салыстырғанда 30% қысқартылған екен.
Үш мың оқушы жаңа мектепке бармақ
«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында облыс бойынша жеті мың орындық үш мектептің құрылысы жүргізілуде.
Мектептің нысаналы құрылысы бойынша тапсырыс беруші ретінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ анықталған болатын, ал жергілікті атқарушы орган мектептерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тартып бермек.
Айта кетейік, білім беру саласындағы «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасын іске асыру 3000 оқушыны жаңа мектептермен қамтамасыз еткелі отыр, қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығы факторларын жояды, сондай-ақ білім беру ортасының жаңа стандарттарын енгізуге ықпал етері сөзсіз.
Биыл облыстық бюджет есебінен Өскеменде 600 орындық мектеп іске қосылды. Сонымен қатар Зайсан қаласында 300 орындық және Алтай ауданындағы Жаңа Бұқтырма кентінде 200 орындық мектептің құрылысы аяқталмақ.
Ағымдағы оқу жылынан бастап мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы атты бірыңғай бағдарлама енгізілді. Ата-аналарды педагогикалық қолдау кабинеттері ашылды, одан бөлек «Даналық мектебі» клубтары құрылды.
Көктемгі су тасқынына қарсы дайын
Шығыс Қазақстан көктемгі су тасқынына қарсы толық дайындық жүргізіп, елді мекендерді су басу қаупінен қорғау шараларын қолға алуда. Бұл туралы ШҚО әкімі Ермек Көшербаев брифинг барысында мәлімдеді.
Су тасқыны кезеңіне дайындық өткен жылдардағы табиғи құбылыстарды талдау негізінде маусым айында басталды. 55 су тасқынына қарсы іс-шараны қамтитын инженерлік жұмыстар жоспары бекітіліп, облыстың 13 өңірінде жүзеге асырылуда.
Іс-шаралар аясында өзен арналарын тазарту, кеңейту, қорғаныс бөгеттерін жөндеу, дренаж жүйелерін салу, су өткізу құрылыстарын орнату және ауыстыру сияқты жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта жоспарланған 55 іс-шараның 45-і (82%) аяқталды. Қалған 10 жоба желтоқсанның соңына дейін орындалмақ.
Су тасқынына қарсы атқарылған жұмыстар нәтижесінде, елді мекендерді қауіпсіздендіру деңгейі біртіндеп артып келеді және бұл жұмыстар үздіксіз жалғасуда.
Маман тапшылығы мәселесі қалай шешілуде?
Облыс бойынша 152 дәрігер маманның тапшылығы сезілуде. Оның ішінде ауылдық жерлерге 47 ақ халатты абзал жан қажет. Биыл елді мекендердегі маман тапшылығының алдын алу мақсатында 27 дәрігер жұмысқа орналасты. Бұл туралы брифингте аймақ басшысы Ермек Беделбайұлы мәлім етті.
Айта кетейік, 2023 жылдан бастап тиісті кадрлармен жасақтау үшін «Семей медицина университетінде» жергілікті бюджет есебінен резидентурада 46 маман, сондай-ақ медициналық ұйымдардың қаражаты есебінен 21 резидент оқиды, оның ішінде 2-уі аудандық ауруханалар есебінен (Ұлан ауданы-1, Шемонаиха ауданы-1) қамтылуда, 2025-2026 жылдары ауылға келеді деп күтілуде.
Туристік әлеует артады
Шығыс Қазақстанның туристік саласын дамытуға табиғи және рекреациялық байлықтарды ескере отырып, ерекше көңіл бөлінеді. Бұл саланың өңір экономикасының драйверіне айналу әлеуеті бар. Брифингке қатысқан облыс әкімі Ермек Көшербаев осылай деді.
Марқакөл ауданы мен осы аттас қорықты дамыту үшін Экология министрлігімен бірлесіп көлдің айналасында жаңа туристік аймақты әзірлеуді, сондай-ақ Марқакөл көлі мен оның маңында болуды қамтитын 10 жаңа туристік бағытты ұйымдастырылмақ.
Жазғы жағажай туризмінің дестинацияларына айтарлықтай көңіл бөлінеді. Осы мақсатта 200 мыңнан астам демалушы келетін Алтай ауданының Жаңа Бұқтырма кентінде ілеспе туристік инфрақұрылым үшін жағдай жасай отырып, кенттің орталық бөлігін абаттандыру жүргізілуде.
Сібе көлдерін абаттандыру және туризмді дамыту шеңберінде жағажай аймағы кеңейтілді.
Өңірдің су туризмін дамыту үшін Ертіс өзенінде, Бұқтырма су қоймасында және Зайсан көлінде су круизі турларын ұйымдастыру жоспарлануда.
Биыл «Рахмановские ключи» шипажайы облыстық кәсіпкерлік басқармасының балансына өтті.
Зайсан мен Катонқарағай әуежайларының құрылысы қашан басталады?
Жауап: Бастапқы кезеңде Fokker 50, Bombardier CRJ-200, Bombardier Q400, Embraer EMB 120ER және осыған ұқсас типтегі 80 жолаушыға дейін сыйымдылығы бар басқа да ұшақтарға арналған ұшу-қону жолақтарының ұзындығы 2200 метрлік әуежайлар салу жоспарлануда.
Болашақта сұраныстың артуына байланысты сыйымдылығы 180 жолаушыға дейінгі В-737, А-321 және А-320 үлгідегі ұшақтарды пайдалану үшін ұшу-қону жолақтарының ұзындығы арттырылмақ.
Катонқарағай ауданында әуежай құрылысын салу үшін Өскемен-Рахман қайнары тас жолының жанындағы Солдатово және Өрнек елді мекендерінің арасынан жер телімі таңдалды. Құрылыс алаңынан Катонқарағай ауылына дейінгі аралық 38 км дейінгі қашықтықты, Үлкен-Нарын ауылына дейін 54 шақырымды құрайды.
Зайсан ауданында Омбы-Майқапшағай тас жолының жанынан бұрынғы Сәтбай әскери аэродромының жер телімі таңдалды, құрылыс алаңынан Зайсан қаласына дейінгі қашықтық 25 шақырым, Ақжар ауылына дейін 85 шақырымды құрайды.
Аталған аудандарда әуежайлардың салынуына байланысты Катонқарағай, Үлкен-Нарын, Зайсан және Тарбағатай өңірлерінің елді мекендерін әуе қатынасымен қамту жоспарлануда.
Ажар Сағатпекова