Өскеменде тағы бір адам өмірмен қош айтыспақ болды
Өскеменде жетінші қабаттан секірмек болған ер адам құтқарылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Оқиға кеше түнгі уақытта тоғыз қабатты үйлердің бірінде болды. 30 жастағы ер адам жетінші және сегізінші қабаттардың ортасында орнатылған металл конструкцияға шығып алған екен. Мұны байқап қалған тұрғындар құтқарушыларды шақыртады.
Құтқарушылар үйдің жанына үрлемелі матрас жайып, қауіпсіздік шараларын жасағаннан кейін мамандандырылған отрядтың екі қызметкері өмірмен қош айтыспақ болған адамды әңгімеге тартады. Олардың айтуынша, ер адам ақылға қонымсыз сөздер айтып, бір түрлі қылықтар көрсеткен. Дегенмен, құтқарушылар оны райынан қайтарып, қауіпті жерден түсіріп алған екен.
Ер адамның не үшін мұндай қадамға бармақ болғаны белгісіз. Қазір онымен полиция жұмыс істеуде.