Өскеменде жас босанған аналарға – бір-бір домбыра
Өскеменде Ана мен бала орталықтарындағы жас босанған әйелдерге домбыра тарту етіледі. Бұл шараны Ұлттық домбыра күнінің қарсаңында Достық үйінің этномәдени бірлестіктері ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Біз үшін ұлттар достастығы қашанда қымбат. Еліміздегі алуан түрлі ұлттар бір-бірін салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарымен сыйлап, тату-тәтті ғұмыр кешеді. Біз «Рухани жаңғыру» және Қазақстан халқы ассамблеясының «Қазақтану» атты бағдарламасының аясында дәстүрімізді кең насихаттауды көздейміз, – деді облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім сарайының директоры Эльдар Төлеубеков.
Іс-шара 7 мамыр күні Өтепов, 37 және Шәкәрім даңғылы, 149 мекенжайларындағы Ана мен бала орталықтарында болады.
Еске сала кетейік, Ұлттық домбыра күні шілде айының алғашқы жексенбісінде тойланады.