KZ
Өскемен
-6°
переменная облачность жел 5 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Ер Жәнібектің қолындағы найзасы қайда кеткен?

1.07.2019, 09:13 331

Шығыс жұрты баһадүр ұлдарының ескерткішін неге қорлай береді? «Тарбағатайда атқа «қонған» Қабанбай батыр баладай-ақ болса, «Қасым Қайсенов» Өскемендегі бензин бекетінің күзетшісіндей» деп шулап едік талай жыл. Енді, міне, Жарма ауданындағы Ер Жәнібектің ескерткішіне кезек келіпті. Ол бес қаруының басы – найзасынан айырылған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Бұл туралы аудан тұрғындары мен әлеуметтік желі қолданушылары жарыса айтып, аттандап жатыр.

Осынау оспадар жаңалық тарағалы бері желідегі жұрт алуан түрлі пікір жазуда. Басым көпшілігі мысқылға алып келіп тірейді сөзінің соңын: «Депутаттар митингіге алып кеткен жоқ па?», «Лом жасап алған шығар бір пысықай. Әлде көрші Аягөздегі Қасабай батыр арендаға алып жауға шауып кетті ме?».

Осыған қатысты Жарма ауданы әкімінің орынбасары Айдар Ыбыраев өзінің фейсбуктегі парақшасында былай деп жазады:

-Ер Жәнібек Бердәулетұлының ескерткіші Жарма ауданы, Ортабұлақ ауылы жанында 2009 жылы бастамашыл топтың қолдауымен бой көтерген. Ескерткіш аудан әкімдігінің теңгерімінде емес. Ескерткіштегі батырдың сынған найзасы Ер Жәнібек қоры тарапынан жөндеуге әкетілген. Алайда көп уақыт бойы жөндеуден өткізілмегендіктен, қазір оны қалпына келтірумен аудан әкімдігі айналысуда.

Жәнібек Бердәулетұлы (туған жылы белгісіз – 1792 жыл) – батыр, шешен. Жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстарға белсене қатысқан. 1760 ж. Жәнібек батыр абақ керейлерді Алтай тауының қазіргі Шыңжаң өлкесіне қарасты байырғы мекеніне апарып орналастырған. Есімі абақ керейдің ұранына айналған. Жоңғар шапқыншыларына қарсы соғысқа аттанарда нағашы атасы Қаз дауысты Қазыбек биден бата алады. Бір шайқаста мінген тұлпары болдырып қалған Абылай ханға астындағы көк дөненін түсіп беріп, Абылайды құтқарып қалады, өзі жекпе-жекке шыққан екі қалмақ батырын жеңіп, жаудың бетін қайтарады. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, т.б. батырлармен тізе қоса отырып, жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстың аяғына дейін қатынасады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу