Семейдегі Абай алаңының дизайны өзгереді
Семейге еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласынан дизайнерлік топ келді. Олар Абай алаңын жаңадан жабдықтамақ. Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов пен медицина университетінің ректоры Ерсін Жүнісов астаналық дизайнерлермен кездесті. Абай алаңында болып, дизайнін қалай өзгертуді қарастырды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
- Университет Нұр-Сұлтан қаласынан кәсіби мамандарды шақырып отыр. Олар алаңның жаңа жобасын ұсынбақшы. Біз олардың жобасын қарап болған соң, қаржыландыру мәселесін шешеміз, - деді Ермак Сәлімов.
Ректор Ерсін Жүнісовтың айтуынша, жоба әлі қарастырылымда болса да күзде 40 шырша ағашын отырғызу жоспарда бар.
- Ағаштарды Риддердегі питомниктерден әкелмек. Осындағы отыратын орындықтар жаңарып, бұл жерді қарайтын бағбан бекітілетін болады. Абай ескерткішін де жаңартамыз, - деді ректор.
Абайдың 175 жылдығына орай алаң түбегейлі өзгертілмек. Айта кету керек, жақында қала әкімдігі мен медицина университеті аясында меморандум бекітіліп, Абай алаңы медицина университетінің қамқорлығында болатындығы жайлы айтылған еді.