KZ
Өскемен
-8°
ясно жел 2 м/с, В
497.26 525.21 4.97

Қайыңды шауып өзенге ағызу. Өскеменде Троица мерекесі тойланды

17.06.2019, 05:43 216

Облыс орталығында орыс халқының ұлттық мерекесі тойланды. Дәстүрге айналған фестивальге аймақтағы жиырма шақты ұжыммен қатар оңтүстік – Алматыдан, терістік – Ресей Федерациясының бірнеше өңірінен өнерпаздар келіп қатысты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Мейрам екі күн тойланды. Алғашқы күні шығыстың басты қаласында қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтті. Бірақ шеберлер базарға келдік екен деп бірыңғай сауда саттық, тиын-тебенмен әуестеніп кетпей, талапты жастарға шеберлік сағатын өткізуді ұмытпады. Қыздар жағы, Сүйінбай ақын жырлаған «орыстың күймей піскен бөлкесін», яғни ұн тағамдарын дайындаса, ұлдар жағы ағаштан жан-жануарлардың мүсінін ойып үйренді.

Дәл осы күні Ұлан ауданының Украинка ауылында да мейрам қызып жатқан болатын. Көршілес елден келген өнерпаздар қол ұстаса хормен ән салып, оған ауылдағы қандастары тамсанып жатқан-ды. 

Екінші күнді «Беловодье» деп атады. Бұл күні Өскемендегі этнопаркте діни мейрамдарын тойлады.

– Қасиетті Троица деп аталатын мейрам барысында біз жазғытұры оянған табиғатқа тәу етеміз. Біздіңше, осы мезгілдің басты нышаны – қайың. Ежелде славян халқы осы қайыңды шауып, орманның қақ ортасына баспанасын салған екен. Біз осынау салт-дәстүрлерімізді, ән-жырларымызды ұмытпай, атаулы күндерде жалғастырып, жандандырып отырамыз. Бұл – біздің тарих, қаланып қалған іргетасымыз. Ғасырлар бойы бабаларымыз осындай амал-әрекеттерді істеген, – дейді облыстағы славян мәдениеті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Яковлев.

Екі күндік сауық-сайранның қорытындысында Достық үйі – қоғамдық келісім сарайында концерт өтіп, артынан қауым болып жиылып барып бастарына киген гүлдестелері мен шабылған қайыңның бұтақтарын Ертіс өзеніне тастады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу