KZ
Өскемен
-4°
туман жел 1 м/с, С
497.26 525.21 4.97

90-ға келген Нұрзия апа: "Есімде қалғаны ат-шана және үш жендет"

31.05.2019, 05:40 151

Бүгін ШҚО Өлкетану музейінде Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу акциясы өтті,-деп хабарлайды, Алтайньюс тілшісі.

  Ертіс пен Үлбі өзендері қосылған тұсқа орналасқан музейге сол зұлмат кезеңнен сыр шертетін тарихи жәдігерлер мен фотосуреттер қойылған. Тіпті ауыр еңбек лагерінде жүрген саяси тұтқынның жататын бөлмесі мен сұрықсыз төсек орны, еңбек құралы мен киімі мен ыдыс-аяғына дейін бар.

 Бүгін Мұражай аралап, тар заман боздақтарының рухына тәу етіп келгендер қатары  көп болды. Олардың ішінде  ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова бар.  

 Зерттеуші-тарихшылардың айтуынша, Шығыс қазақстан өңірінен қаралы жылдарда 135 мың адам тұтқынға алынып, оның 300-і ату жазасына кесіліпті.

Бүгінде тоқсанға тақап қалған Нұрзия Мұқашева апамыздың да әкесі сол зұлмат заманда халық жауы атанып, нақақтан ату жазасына кесіліп кеткен.

– Әкем Нұрғазы Жұрдыбаев 1892 жылы Ұлан ауданының Ұрынхай ауылында дүниеге келген. 1918 жылы Алаш партиясының мүшесі болған. Үш кластық мұғалімдер даярлайтын семинарияны бітірген. 1937 жылы 20 қарашада тұтқынға алынған кезінде Бұқтырма ауданының Киров колхозында мұғалім болып жүрген. Ең жоғарғы жазаға кесіліп, ату жазасы сол жылдың 24 желтоқсанында орындалған. Әкем қамалғанда мен не-бәрі жеті жаста екенмін, – дейді Нұрзия апа.

Ал әкесінің қай жерде атылып, қайда жерленгені бүгінге дейін белгісіз. Есінде тек НКВД-нің үш жендеті қалыпты.

Жеті жастағы баламын ол кезде. Ат-шанамен келген үш адам әкемді салып ала жөнелді. Улап-шулап артынан ергеніміз, мен қалың қарды омбылап талай жерге дейін жанұшыра жүгіргенім әлі күнге дейін ап-анық есімде,-деп күрсінді Нұрзия апа.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу