Ресейдің шешімі. ҚТЖ Украинаға көмір жеткізе алмайтын болды
«Қазақстан темір жолы» Украинаға сұйытылған мұнай газы мен көмірді жеткізуді уақытша тоқтатты. Оған Ресей үкіметінің шешімі себеп болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі Рейтер агенттігіне сілтеме жасап.
Биылғы 1 маусымнан бастап мұндай тасымалдарды Ресей үкіметінің арнайы рұқсатынсыз жүзеге асыру мүмкін болмайды. Агенттіктің дерегінше, 24 мамыр күні «ҚТЖ» өз клиенттеріне тыйым салу қазақстандық жеткізушілерге қатысты екенін хабарлайтын хат жолдаған-ды. Нақтырақ айтсақ, әңгіме Ресей транзиті арқылы Украинаға сұйытылған мұнай газын импорттайтын «Теңізшевройл» («Chevron», «ExxonMobil», «Лукойл» және «ҚазМұнайГаз» бірлескен кәсіпорны) жайында.
Әзірге Ресей темір жолдарының (РТЖ) өкілдері бұған қатысты қандай да бір түсініктеме беруден бас тартуда.
Айта кетейік, ағымдағы жылы қазақстандық компаниялар Украинаға ай сайын 20 мыңнан 25 мың тоннаға дейін сұйытылған мұнай газын жеткізіп отырған. Ал былтыр елімізден Украинаға жөнелтілген көмір көлемі 455 мың тоннаны құраған.