ШҚО жеңілатлеттері ел біріншілігін екінші орында аяқтады
Алматыда жеңіл атлетикадан жастар арасындағы ел чемпионаты мәресіне жетті. Биылғы додада шығысқазақстандық атлеттер жалпыкомандалық екінші орыннан көрінді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Біріншілік қорытындысы бойынша 25 545 ұпай жинаған жерлестеріміз алдына тек Қарағанды облысының құрамасын (25 983 ұпай) ғана жіберді. Үздік үштікті Алматы облысының командасы түйіндеді. Олардың қоржынында – 25 303 ұпай.
Чемпионат барысында жерлестеріміз барлығы 22 жүлде жеңіп алса, оның тең жартысы алтын медаль болды. Жүлденің тағы төртеуі – күміс, жетеуі – қола.
Әсіресе шығысқазақстандық спринтерлердің жетістігін атап өткен орынды. Мәселен, ерлер арасындағы 200 метрге жүгіру сайысында жүлденің бәрі жерлестеріміздің еншісінде кетті. Атап айтсақ, бұл сайыста мәре сызығын бірінші болып Ефим Тарасов кессе (22,08 секунд, жеке рекорд), одан кейінгі орындарға Владимир Фещенко мен Александр Аксютин иелік етті. Осы ретте аталған спортшының үшеуі де өскемендік «Altay Athletics» кәсіби жеңіл атлетика клубының мүшесі екенін айта кеткен абзал.