Жазғы Спартакиада: Алматы – бірінші, ШҚО – екінші
Алматыда V республикалық жазғы Спартакиада аясында жеңіл атлетикадан өткен жарыс мәресіне жетті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Үш күнге созылған дода қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының құрамасы жүлделі екінші орынға ие болды.
Биылғы бәсекеге еліміздің облыс-қалаларынан 250-ден астам атлет қатысты. Жарыста облыс намысын қорғаған спортшылардың дені шығысқазақстандық «Altay Athletics» кәсіби жеңіл атлетика клубының өкілдері болғанын айтқан жөн. Турнир қорытындысы бойынша жерлестеріміз қоржынға жеті алтын, алты күміс және бес қола медаль салып, жоғарыда айтқандай жалпыкомандалық екінші орынға көтерілді. Шығысқазақстандық атлеттер тек Алматы қаласының құрамасына (тоғыз алтын, тоғыз күміс, жеті қола) ғана жол берді. Ал үшінші орынға Солтүстік Қазақстан облысының командасы (жеті алтын, үш күміс, жеті қола) ие болды.
Жерлестеріміздің ішінде әсіресе өз сайыстарында топ жарған Надежда Дубовицкая (биіктікке секіру), Галина Якушева (20 шақырымға спорттық жүру), Варвара Назарова (найза лақтыру), Элина Михина (400 метрге жүгіру) сияқты спортшылардың жетістіктерін атап өткен орынды.