Семейдегі мектеп ұжымы қосылып ата-анасы жоқ қызға пәтер алып берді
Аягөздік Еркежан Ерсінқызы, мамыр айын ұзаққа дейін ұмытпасы шүбәсіз. Қасиетті Рамазан айында бойжеткен пәтер кілтіне ие болды. Мұндай сыйды Семейдегі физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы жасады.
Мектеп ұжымы Еркежанның тұрғын үй жинақ қорына 2013 жылдан бері қаржы аударып келген.
Игі бастама облыстық білім басқармасының ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, сол секілді жетім балаларға әлеуметтік-патронаттық қолдау бойынша өзара ынтымақтастық туралы әлеуметтік шарты негізінде жүзеге асты. Енді міне кәмелет жасқа толысымен оған қордағы қаражатпен пәтер сыйлаудың сәті түсті.
- Қазақта «Жетім көрсең, жебей жүр», -деген жақсы бір сөз бар. Біздер мектеп ұжымы қоғамда болып жатқан келеңсіз оқиғаларға бей-жай қарай алмаймыз. Ұрпақ тәрбиелеуші ретінде бізді дәл осы Еркежандай жастарымыздың келешегі алаңдатады. Қызымыздың бақытты сәтіне ортақтасып, арманына қол жеткізуіне себепші болғанымызға бізде қуаныштымыз. Біз пәтерді таңдау құқын Еркежанның өзіне бердік. Тек тиісті құжаттарының дұрыс рәсімделуіне қызметкерлеріміз көмектесті. Бұл баспана оған құт,береке әкелетін шаңырақ болсын деп тілейміз, - дейді Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бағдан Қайыржанов.
Бойжеткеннің таңдауы 1 бөлмелі екінші деңгейлі пәтерге түсіпті. Дегенмен барлық коммуникациялық желілері іске қосылған, жылы, жарық баспана. Ең бастысы пәтер тұрмысқа қолайлы ауданда орналасқан екен.
- Өз баспанам болғанын армандасам да, аяқасты үйлі боламын деп еш ойламаппын. Тіптен мектептен хабарласып, сенің банкте есеп-шотың бар, сол шоттағы ақшаға үй алып береміз дегенде мүлдем сенбедім. Бүгін қуаныштан толқып тұрмын. Өмірде қайырымды, жанашыр адамдардың бар екеніне көзім жетті. Маған көмектескен аға-апайларыма мың алғыс айтамын, -дейді Еркежан Ерсінқызы.
19 жасар Еркежан әкесінен сәби кезінде, анасынан 12 жасында айырылыпты. Соңғы 5 жылдан бері немерелес ағасы Роллан Суықбаевтың шаңырағында тұрып келді. Қазір Аягөз қаласындағы политехникалық колледждің 3 курсында «Бағдарламашы» мамандығында оқып жүр. «Оқуымды университетте жалғастыру жоспарымда бар. Келер жылы қалаға келемін» - деген Еркежанға мектеп ұжымы баспанасының алғашқы жиһазы ретінде микротолқынды пеш сыйға тартты.