«Саған күшік керек пе?» Өскемендіктерді алдап соққан қыз Ақтөбеден шықты
Полицияға күшік аламын деп алаяқтың арбауына түскен бес тұрғын шағымданды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Тұрғындар белгілі сайттардың бірінен мопса күшіктері сатылатыны жайында хабарландыру көрген екен. Бағасы қолжетімді. Күшік сатушы кейіпкер «аламын деушілер көп, сол себепті алдын-ала 40-50 мың теңге төлеу керек» деп ескертетін көрінеді. Ал ақшаны алған соң, ұшты күйлі жоғалып кетіп отырған.
Полиция бірден тұрғындарды алдап соққан адам – біреу деп топшылаған екен.
– Аталмыш фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Полицейлер күдіктінің жеке тұлғасын анықтап үлгерді. Бұл осыған дейін де алаяқтық үшін сотталған 20 жастағы қыз. Тәртіп сақшылары оны Ақтөбе қаласында қолға түсірді, – деп мәлімдеді ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.