KZ
Өскемен
-2°
небольшой снег жел 4 м/с, ОШ
529.65 544.64 5.16

"Зиян болса да кальянды тастамаймын. Ал сіз пиццадан бас тартасыз ба?"

14.05.2019, 05:18 319

Көпшілік зияны жоқ деп, әсіре әуестеніп жүрген экзотикалық темекі – кальян туралы білесіз бе? Білмесеңіз айтайық...

Кальян – парсы тілінен аударғанда түтінді сүзгіден өткізіп, салқындатып шегетін құрал деген мағына береді екен. Үндістаннан бастау алып, кейін Азия, Еуропа елдерінде етек жайған бұл шылым түрі кейінгі кезде сәнге айналып бара жатқаны, айтпаса да белгілі. Ауқаттанудан гөрі, көк түтінді жұтуды артық көретін адамдардың 70%-ы ішімдік ішпеймін, темекі тартпаймын дегенді жалау қылады, алайда темекі мен ішімдіктен гөрі хорхордың денсаулыққа тигізер зардабы орасан. Бірақ оны түсініп, біліп жатқан ешкім жоқ. Мамандардың айтуынша, кальян түтіні қанша жерден сұйық сүзгіден өтсе де, шайырдан (никотин) тазармайды, ол былай тұрсын, бірнеше сағат шеккен адамның өкпесіне 150 тал шылым тартқандай зиян келеді. Ең қиыны, бұл бәлені жиі қолдану салдарынан шайырдың құлына айналуыңыз бек мүмкін. Одан бөлек бір жұтым түтініңіз қып-қызыл ақша екенін де ескеріңіз.

– Кальян шегемін, өйткені маған ұнайды. Зиян, зиян... Рас, зиян шеккіміз келмесе, бәрінен бас тартайық. Біздің анау жеп жүрген пиццамыз да, ішіп жүрген коламыз да зиян, жұтып жүрген ауамыз да, ішіп жүрген суымыз да зиян. Жалғыз қальян ғана емес, адамзатқа, жалпы, бәрі зиян. Онда бәрінен бас тартып жүре берейік. Зияны жоқ, пайдасы көп демеймін, бірақ кальяннан бас тарта алмаймын, – дейді Өскемендегі көңіл көтеру орындарының бірінде кездестірген Мақсат есімді жас жігіт.

Денсаулық сақтау мамандары жүргізген зерттеулердің нәтижесіне жүгінсек, хорхор түтінінің адам ағзасын улауы темекіден бірнеше есе жоғары көрінеді. Онда шайыр 36 есе, көміртегі монооксиді 30 есе, тұншықтырғыш газ 8,4 есе, никотин 7,5 есе көп. Кальяндағы көмір 600-650 градуста жарылатындықтан, түтінмен бірге өкпеге шайыр ғана емес, сонымен қатар өкпе ісігі де мұра ретінде таралуы мүмкін.

Дабыл қаққанмен, көңіл аударып жатқан ешкім жоқ

– Кальян зиян деп дабыл қаққанмен, көңіл аударып жатқандар сирек. Оны қолданғанда түтінмен бірге адам ағзасына токсиндер, шайыр, улы газ, канцерогендер, басқа да зиянды бактериялар енеді. Түтіннің құрамында ішек және көк іріңді таяқша, алтын түсті стафилококк, ашытқыш саңырауқұлақтар, кох бактериясы, туберкулез таяқшалары, гепатит вирусы болады. Кальян бедеулікке әкелетінін де естен шығармаған жөн, – дейді дәрігер Валентина Николаева.

Бір ескеретін жайт, көңіл көтеру, ойын-сауық орындарының қонақтары хорхорды дайын күйінде қабылдап, шегетін болғандықтан, оның қандай жағдайда әзірленетінін білмейді. Егер оны көзбен көрген болса, экзотикалық шылымға енді қайтып жоламауы да мүмкін. Өйткені хорхорды дайындағанда, көп жағдайда санитарлық талаптар ескеріле бермейді. Ал бұл адам ағзасына зардап шектіретіні сөзсіз.

– Өз басым хорхорды мүлде шегіп көрмедім, ойымда да жоқ. Меніңше, хорхор мақтанға айналып кеткен сияқты. Аузы-мұрнынан түтін будақтатып отырған қыз-жігіттердің видеоларын, суреттерін көргенде, жиіркеніп кетемін. Кейбіреулер ұят деп жатады ғой, мәселе онда да емес. Мәселе сол қыздардың күні ертең ана атанып, жігіттердің әке болатынында. Ағзасы уланған адам дені сау ұрпақты қалай әкеледі өмірге? Сондықтан жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен кальяндарға шектеу керек деп ойлаймын. Ол үшін заңды түрде тыйым салу керек шығар. Әйтпесе бұл бизнес жастардың қалтасын ғана қағып қоймай, ұрпағымызды улап жатыр, – дейді Сарқыт Шидерина.

Иә, әркімнің өз өмірі өз қолында. Бірақ бақытымыздың оннан тоғызы денсаулыққа байланысты екенін ұмытпайық. Қазақтың «бірінші байлық - денсаулық» деуі сондықтан ғой.

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу