KZ
Өскемен
+1°
снег жел 1 м/с, СШ
487.24 529.34 5.02

Бұл - ұят емес, қазақ қыздарына жасалған қиянат

5.05.2019, 02:41 179

 

Біздің қыздар сұлулықтан емес, сорақылықтан сайысқа түсіп жатқандай... Кеше жалаңаштанудан көш бастаған Айжан еді, көйлексіз сәукеле киген Шырын одан оза шапты. Бүгін, міне, «арымды сатам» деп айды аспанға бірақ шығарып Айнұр отыр. Бейәдеп сөздері мен белден төмен әңгімелері хит болған Зәмирамыз тағы бар. Бүгін сорақылығы бірінен-бірі өткен қыздарымызға қарап, ертең не боларын ойлаудың өзі қорқынышты... 

Инстаграм "жұлдызы" отандық телеарнаның "қадірлі қонағына" айналды

Ал өкініштісі, кеше олар инстаграмның «жұлдыздары» еді, бүгін отандық арналардың «қадірлі қонағы» болып төрге шықты. Қалқатайларымызға керегі атақ болса, әлеуметтік желілер олардың қылығын іліп әкетіп, отандық арналар жарысып көрсетіп, мақсаттарына жеткіздік. Үлгі тұтар жандарды тасада қалдырдық осылай. Өйткені бүгінде ар емес, арзан рейтинг қымбат.

Ал сол отандық арналардың негізгі көрермені – ауыл халқы. Қазақы тәрбиенің қайнар көзі де осы ауылда. Енді интернеті жоқ болса да, әлеуметтік желідегі қитұрқылыққа қазақ журналистерінің арқасында олар да куә болып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі міндеті халықтың мәдениетін көтеру десек, олар келер ұрпаққа осындай жалаңаш қалқаларымызды, қызтеке ұлдар мен жезөкше қыздарымызды көрсетіп, үлгі етіп жатқандай сырт көзге. Бұрын қазақ тіліндегі хабарлар аз деп налыған халық енді бүйтіп қазақты қор қылған қазақша хабарларың бар болсын деп ашынып отыр. Бұл ашу жуықта «7 арнадан» көрсетілетін «Өз ойым» бағдарламасының «пәктігімді сатамын» деп елді дүрліктіріп, кейіннен «рөл сомдадым, оған итермелеген – телебағдарламаның жүргізушілері Ләйла Сұлтанқызы мен Алмас Атай» деп ақталған Айнұр қызымыздың қылығынан кейін тіпті үдей түскендей.

– Бұл бағдарламаның біздің елге, өзімізден кейінгі жастарға зияны көп. Теледидарды қоссаң, осылар отырады ойдан қашқан, қырдан қашқан "кейіпкерлерімен", өздері білмейді не айтып, не қойып жатқанын. Отбасыңмен отырып мына жерде айтылып жатқан нәрселерді тыңдау мүмкін емес. Біздің Мәдениет және ақпарат министрі не қарап отыр осындайға жол беріп?! Ана ретінде, әйел ретінде, қазақ ретінде ашынамын, намыстанамын, – дейді үш қыз өсіріп отырған ана Нұргүл Сатыбалдина.

Әлеуметтік желіде бұл бағдарлама бүгін жұрттың қызу талқысында. Естір құлақ болса, желіде пікірсіз қалған адам жоқ. Жоғарыдағы Нұргүл сияқты ұрпағының болашағы үшін алаңдаған аналар бағдарламаны жабу керек деп ұрандаса, үнемі белден төмен тақырыптарды көтеретін бағдарлама мен оның жасанды кейіпкерлерін БАҚ саласында есімі белгілі азаматтар да сынға алды.

Бұған дәлел ретінде танымал журналист Дана Нұржігіттің Instagram парақшасындағы «Арзан атақ іздеген қызды хабар авторлары шақырып, аузына сөз салып берсе, сонысын мойындап, бағдарламаның «ішкі кухнясын» ашу керек. Өйткені бұл – бір адамның тағдыры. Мұндай технологияларды білмейді емес, білеміз. Мәселе – соған бару немесе бармауда. Арды аттамауда. Ал мына жағдайда хабар авторлары қыздың пәктігін таптап, ертеңіне тастап кететін жігітсымақтардан қай жері артық?! Бұл – қыздың тағдыры ғана емес, сүйекке таңба! Ұлтқа сын», – деген сөзін келтірсек те жеткілікті.

Ал белгілі жүргізуші, журналист Асхат Садырбай болса: «Бұл тақырып – ұят қана емес, қазақ қыздарына жасалған қиянат» деген баға берді.

– Бағдарламада қазақтың қызы пәктікті саудалау, қайта жасатуды, әрі оның қанша тұратынын айтады. Мұнда дайын нұсқаулық тұр. Яғни ақшадан қысылып жүрсеңдер, осылай жасаңдар деген сияқты. Бұл маған бір қазақ қыздарына жасалған үндеу сияқты көрінді. Ашық насихат. Ашығын айтайын, өте ұят дүние. Өйткені бұл ұлттың болашағына балта шабумен тең, – дейді журналист Асхат Садырбай бір телеарнаға берген сұхбатында. 

Егер аталған шоу-бағдарлама қан¬дай жолмен болса да рейтинг жасап, танымалдылығын арттыра түсемін де¬се, онда ол көздеген мақсатына жетті. Арын екі миллионға бағалаған қазақ қызының қылығын қытай, қырғыз сайттары да ортаға салған көрінеді. Осылайша, әлем Әлия мен Мәншүктей жаудың бетін қайтарған қайсар қыздарымызға ғана емес, арын ақшаға қиған Айнұрымызға да таңғалысып жатыр. Мұндайға жол берген адамдардан қарапайым этиканың иісі шықпаған соң, бұл арада ұлттық тәрбие, ұлттық код деген сөздерді де айтпай-ақ қояйық. Ал олардың айтар уәжі не? Бағдарлама жүргізушісі, танымал журналист Ләйла Сұлтанқызы осы оқиғаға қатысты ләм-мим деп ауыз ашпаса, продюсері, кезінде «Ақсауыт» әскери бағдарламасының жүргізушісі болған Жангелді Таңатбеков қоғамдағы бар шындықты бүркемелемейік деп «шырылдап» жүр.

Тәрбие құралы ма, азғындаудың алғы шарты ма?

Рейтинг үшін ток-шоуға жасанды кейіпкер шақырып, ар¬сыз¬дықты жарнамалап отыр деп оларды жаз¬ғырып жатқан жұрттың да жанайқайы орынды. Саналы, есі дұрыс адам жүз жерден еркін, жүз жерден заманауи қоғамда өмір сүрсе де, көшеге жалаңаш шық¬пайтыны аян. Бабаларымыз осындай ұятты дүниені естігенде, «мал құлағы саңырау» деуші еді. Ал біз болсақ «Айта берсін!» дейтін болыппыз.

Болары болды. Бұл арада тіпті қолдан жалған кейіпкер жасап, рейтинг үшін ардан аттап жатқан үлкендердің ісінен емес, сол арзан атақ үшін, қазіргі тілмен айтқанда, «хайп» үшін көргенсіздіктің небір түріне барып жатқан ойсыз жастар өсіп келе жатыр ма деп шошисың.

Ал соларды тәрбиелеп, қылығын насихаттап жүрген мына өзіміз, бұқаралық ақпарат құралдары екендігін мойындамасқа амал жоқ. Оған «Өз ойым» ғана емес, жалпы отандық арнадағы көптеген бағдарламалар өз үлестерін қосып жатыр.

– Қарап отырсақ, бүгінде телеарналардағы ток-шоулардың басым көпшілігі – шетелдік жобалардың көшірмесі. Мейлі, солай-ақ болсын, бірақ сол шоуларды ұйымдастырушылар бір нәрсені ескермеген сияқты. Сол шетелде көтерілетін ашық әңгімелер біздің менталитетімізге сай келе ме? Неге сол шоуларды ұлттық болмысымызға, мәдениетімізге лайықтап, тәрбиелік жағына көбірек мән бермеске? Одан арнаның рейтингі көтерілмесе, түсе қоймас еді. Өйткені өресі биік көрерменге керегі басқа. Тыңдарман да оқырман да терең зерттеулерге, танымдық дү¬ние¬лерге, жұртты тәнті етіп, жүрек¬ті тебіренткен адами оқиғаларға зәру еке¬ні күн өткен сайын көрініп отыр.Телевидение де – тәрбие құралы. Сондықтан әр бағдарламаның этикалық қағидасы сақталса, әркімнің бойында рухани мәдениеттілік, әдептілік те қалыптасар еді деп ойлаймын. Сонымен қатар телевидение – қоғамдық пікір қалыптастырушы. Не нәрсені көп көрсетсек, сол дүниені көрермен қалыпты жағдай деп қабылдайтын болады, – дейді облыстық телеарнаның ардагері, кезінде «Ақжолтай» және өзге де хабарлардың жүргізушісі, режиссер Салиха Қайсақызы.

Сол шетелдік шоулардың сәтсіз көшірмелері – неге екені белгісіз, көбінесе қыз тәрбиесіне кері әсер ететін бағдарламалар. «Кел, келінім», «Келіндер бәйгесі», «Қалаулым», «Ұят емес», «Астарлы ақиқат» деп тізе беруге болады оларды. Осы тектес шоу мен жобалар әр арнада бар. КТК арнасындағы сол «Кел, келінім» нені насихаттап жүр? Бұл жерде де қыздарымызды ерсі әрекетке итермелеп жүрміз. Қазақ қызы қашан күйеу іздеп шарқ ұрып еді? Қашан қайтсем де тұрмыс құрам деп, етегін түріп тастап төбелесіп еді. Ал мұнда қашан қарамасаңыз, қазақ қыздары бір жігіт үшін шаштасып, ал жігітсымағы жер шұқып, енесі гладиаторлар сайысын тамашалағандай тамсанып отырады. Бұл бағдарлама Қазақстан¬да көрсетуге тыйым салынған «Дом 2-нің» баламасы сияқты.

Ел болып жаптыра алмаған «Қалаулым» да – сол, ресейлік «Давай поженимся!» бағдарламасының калькасы. Тек бұл жерге елдің бетке ұстар азаматтары келіп, қыздарымызға «қой» дегеннің орнына «батасын» беріп кетеді. Замирадан «жұлдыз» жасаған да – осы «Қалаулым». Бүгінде отандық арналардың тілшілері одан сұхбат алуға, оның боқауыз сөздерін жұртқа жариялауға құмар.

Сол КТК арнасындағы «Астарлы ақиқаттың» төрінде жалаңаштанудың сөкеттігі жоқ екендігін айтып Айжан Байзақова, «өзім білем, жұрттың шаруасы болмасын» деп Шырын Нарчаева отырады қонақ болып. Осыдан соң Айжан, Шырын, Айнұр сияқтылар қайдан шығады дейміз.

Халқымыз қыз тәрбиесіне ерекше мән беріп, «қыз азса, ел де азады» деуші еді ғой. Сол азғындауға тосқауыл қояр заң да жоқ бізде. Оған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауында айтқан сөзі нақты дәлел.

– Басты мәселе – көрерменнің қалауы, себебі әрбір ата-ананың қолында, баланың қолында теледидардың пульті бар. Қандай бағдарлама көретінімізді өзіміз таңдауымыз керек. Балалар қандай арнаны көріп отыр? Осыны ата-аналар бақылап отыруы қажет,-деді министр «Кел, келінім», «Қалаулым» және «Өз ойым» бағдарламалары мәселесі көтерілген қабылдауда.

Бағдарлама балалардың уақытына қойылған

Жөн делік. Алайда бұл бағдарламалардың балалардың үйде, ата-аналардың түзде болатын уақытында қойылуы да алаңдатарлық мәселе.

Мұны Алматыдан бейнебайланысқа шыққан журналист Бибігүл Ысқақова ерекше атап өтті.

- Бізде осындай тәрбиелік мәні өте төмен бағдарламалар көбінесе күндізгі уақытта және отбасы үйге жиналып, теледидар көретін мезгілде көрсетіледі. Шетелде талай рет болдым, түс кезінде осындай масқөараны көрген емеспін. Мәселен, Ресейдегі «Дом-2»-ның өзін түнде ғана көрсетеді. Ал біз түсте шай ішіп отырып, арсыз дүние талқылап жатамыз,-деді ашынған журналист.

Минимтр журналисттің азаматтаық ұстанымын құптап, сын-ескертпелерінің орынды екендігін айтақынымен, бағдарламаны жабуға негіз жоқ дегенді алға тартты.

- Мен бұл бағдарламаларды жаба алмаймын. Біріншіден, бұл жекеменшік арна. Мен министр ретінде тек терроризм немесе балаларға қарсы бір теріс контент болса ғана араласамын. Ондай үгіт-насихатқа әсер ете аламыз.Әйтпесе цензура болып кетеді,-деп министр ұлттық тәрибеге келгенде заңның солқылдақ екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Осы орайда министрдің бір ғана сөзімен келісуге болады, «Баланың не көретінін ата-аналар бақылауы керек» деген. Өйткені тәрбие құралынан тәрбиелік мән кетіп, азғындаудың алғышартына айналып барады... Мұндай екпінмен арсыздықты ұлттық мәдениетімізге айналдырып алмасақ болғаны

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив