Көшеде көлігін «жоғалтып» алған өскемендік азаматтың үстінен іс қозғалып жатыр
Автомобилін қайда қойғанын ұмытып қалған Өскемен тұрғыны көлік ұрланды деп полиция шақырды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Күндіз әлеуметтік желілерде: «11 наурыз күні түнде Гагарин Бульварі ауданында Mitsubishi Pajero автомобилі ұрланды. Қандай да бір ақпарат болса, қоңырау шалыңыздар» деген хабарландыру тараған болатын.
Полиция басқармасының мәлімдеуінше, 11 наурыз күні сағат 10.00-де 40 жастағы қала тұрғыны көлігі ұрланғанын айтып, шағым түсірген екен.
– Дәл сол күні тәртіп сақшылары Mitsubishi Pajero автокөлігін тапты. Көлік арызданған тұрғынның үйінің маңындағы тұрақта болып шықты. Ер азамат темір тұлпар «жоғалған түні» ішімдікке мас болған екен, – деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі.
Қала тұрғыны «жалған ақпарат жеткізу» бабы бойынша айыпты деп танылды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.