Өскеменнің үш тұрғыны батылдығы үшін төсбелгімен марапатталды
Өскемен қаласының тұрғындары көрсеткен батылдықтары үшін ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен марапатталды.
Марапттау салтанаты ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінде өтті. Өскеменнің үш тұрғынына «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісі табысталды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
ТЖ министрінің бұйрығымен Андрей Ильенков, Николай Саломаев және Рустем Сарипов марапатталып отыр.
Олар 30 қараша күні Өскеменнің Бажов көшесінде болған өрт кезінде ерлік танытқан болатын.
Аталмыш көшенің бойындағы тұрғын үйде өрт шыққан. Осы маңнан өтіп бара жатқан куәгер Рустем Сарипов өртті байқап қалып, өрт сөндірушілер келгенше дейін көрші тұратын Николай Саломаевты оятады. Екеуі үйдің терезесін сындырып кіріп, ішінен үй иесін алып шығады.
Дәл осы түні қала тұрғыны Андрей Ильенков өрт сөндірушілер келгенше дейін Дальневосточная көшесіндегі өрт кезінде үш адамды құтқарып қалды.