Сайлау кезінде мүгедектігі бар азаматтардың құқығы қамтамасыз етіледі
Бұл туралы ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова Орталық сайлау комиссиясының төртінші отырысында мәлімдеді.
Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауда мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселесі талқыға түсті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
«Сайлау туралы» конституциялық заңында мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі бірқатар нормалар бар. Дауыс беруге арналған үй-жайды жабдықтау кезінде мүгедектігі бар сайлаушылардың кедергісіз кіруі және онда дауыс беруі үшін жағдайлар қамтамасыз етілуі тиіс екендігі көзделген. Жергілікті атқарушы органдар сайлау комиссиясына мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыста жәрдемдесуге міндетті», - деп түсіндірді ОСК мүшесі.
Оның айтуынша, учаскелік сайлау комиссиясы мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдайды.