БАҚ туралы қолданыстағы заңнама 50 пайыздан астам жаңартылуы мүмкін
«Масс-медиа туралы» жаңа заң жобасы қабылданғаннан кейін БАҚ туралы қолданыстағы заңнама 50 пайыздан астамға жаңартылады деп болжанып отыр.
Қазақстан Конституциясында: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі» делінген. Президент (Конституцияның кепілі ретінде) наурыз айындағы Жолдауында бұл тақырыпты дамыта түсті. Ол еліміздегі одан әрі демократиялық қайта құрулар тәуелсіз және жауапты бұқаралық ақпарат құралдарынсыз мүмкін еместігін айтып, «БАҚ туралы» Заңды «мемлекет мүддесін, қоғам сұранысын және медиасаланы дамыту үрдістерін ескере» отырып, қайта қарау міндетін қойды.
«Масс-медиа туралы» жаңа заң жобасының тұжырымдамасы және оған қатысты басқа да құжаттар кеңінен талқылау үшін «Ашық НҚА» интернет-порталында орналастырылды. Осы заң қабылданғаннан кейін БАҚ туралы қолданыстағы заңнама 50 пайыздан астамға жаңартылады деп болжанып отыр.
Өзгерістер, атап айтқанда, мемлекет пен БАҚ арасындағы өзара іс-қимылдың ескірген тәсілдерін қайта қарауға бағытталған. Әңгіме мемлекеттік ақпараттық тапсырыс тетігін түбегейлі трансформациялау туралы болып отыр. БАҚ-ты гранттық қаржыландыру моделіне кезең-кезеңімен көшуді жүзеге асыру ұсынылады. Журналистер қоғамдастығының қызметін құқықтық қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Журналистерді кәсіби аккредиттеудің жаңа тетігі әзірленуде.
Ақпараттық салада бүгінде цифрлық масс-медиа үстемдік құрып отыр. Әртүрлі сарапшылық институттар қазақстандықтардың жаңалықтарды қайдан алатыны туралы жиі сауалдама жүргізеді. Осындай әлеуметтік өлшеулердің нәтижелері мынадай жалпы үрдісті көрсетеді: әлеуметтік желілер, блогерлер, мессенджерлердегі ақпараттық арналар және басқа да онлайн платформалар барған сайын жаңалық көздеріне айналуда. Мұның қауіптілігі сол, «жаңа медианы» құқықтық реттеуде әлі күнге елеулі олқылық бар. Мұның өзі фейктерге, айла-шарғыларға, жауапсыз ақпарат жіберуге жағдай жасайды. Жаңа заңнама осы олқылықтың орнын толтыруға тиіс.