KZ
Өскемен
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СШ
485.04 525.98 5.04

Өскемендік мұғалімдер мен дәрігерлер көктемгі сенбіліктен босатылады

13.04.2023, 15:54 260

Облыс орталығының ұстаздары мен ақ желеңді абзал жандары бұдан былай қоғамдық жұмыстарға, әсіресе көктемгі сенбіліктерге қатыспайды.

Бұл туралы бүгін Өскемен қаласында бірқатар нысандардың жұмысымен танысқан қала әкімі Жақсылық Омар мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

– Өкінішке орай, былтырғы жылға дейін мұғалімдер мен дәрігерлерді, мемлекеттік қызметшілерді, балабақша жұмысшыларын қалалық сенбіліктерге бұйрықпен шығару, басқа да қоғамдық жұмыстарға мәжбүрлеп тарту жалғасып келді. Енді олай болмайды, әркім өз шаруасымен айналысады. Біз одан бас тарттық. Қаладағы әр үйдің тұрғындары, МИБ, ПИК (КСК, ОСИ) секілді басқарушылық органдары өз аулаларына жауапты болып, сенбіліктерді ұйымдастырады. Ал саябақтар мен скверлер, өзге де қоғамдық орындарды, үлкен даңғылдар мен көшелер бойын арнайы құрылған қалалық коммуналдық «Таза Өскемен» мекемесі қарайды. Мекемеге қажетті қаржы бөлінген, адамдары, техникасы жетеді. Оның сыртында мердігерлер тағы бар. Бұл айтылғандар мейрамхана, дәмхана, дүкен, асхана ашып отырған басқа да шағын және орта бизнес өкілдеріне де қатысты. Олар да өздеріне тиесілі аумаққа тазалық жасайтын болады. Әйтпесе жауапқа тартылады. Ал бұрын бұл жұмыстарға жоғарыда аталған мамандық иелері шақырылатын. Енді сенбі күнгі демалыстарында өз үйлерінде болып, жұмысқа шықпайды. Егер өзі тұрып жатқан үйінің ауласын тазалауға шығам десе, ол өз еркінде, – деді Жақсылық Омар тілшілермен кездесу барысында.

Қала әкімі айтқандай, егер ұстаздар мен дәрігерлерді сенбілікке күштеп шығару фактілері тіркелсе, шығарған лауазымды тұлғалар құзырлы органдар тарапынан жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалайды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив